Елімізде неге су қоймасы салынбайды? Билік оған әлдеқашан уәде берген - kaz.caravan.kz
  • $ 442.05
  • 474.14
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
30 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде неге су қоймасы салынбайды? Билік оған әлдеқашан уәде берген

Елімізде неге су қоймасы салынбайды? Билік оған әлдеқашан уәде берген

Тәуелсіздік алған жылдан бері елімізде тек бір ғана су қоймасы салынған. Ол 2011 жылы салынған Көксарай. Әлі күнге дейін суды Ресей мен Қырғызстаннан сатып аламыз.

  • 11 Сәуiр
  • 42
Фото: ашық дереккөзден

2021 жылы Ресейден су сатып алуға 4,2 млрд теңге, 2023 жылы 6,5 млрд теңге бөлінген. Батыс Қазақстанға су қоймаларын салған кезде, суды жинап, Ресейге тәуелді болмас едік. Бірақ, су қоймаларын салу қымбат шығар? Оған да жауап бар. 2018 жылы Батыс Қазақстан облысында бір су қоймасын салудың құны 1 млрд теңгеге бағаланған. Сонда Ресейден су сатып алуға 6,5 млрд теңге бөлуге қаражат бар, ал салуға 1 млрд теңге табылмағаны ма?

Су қоймаларының пайдасы же­терлік. Суды тоқтатуға, жинақтауға, сол арқылы егін егу секілді түрлі мақ­сатта жаратуға болады. Алайда су қоймасын салудағы басты мақсат – көктем сайын болатын су тасқынынан сақтау. Бұл министрліктің жауабы. 

Бірақ, биылғы су тасқыны еліміздің мүшкіл жағдайын көрсетті. Мемлекетіміз қарғын суға тосқауыл бола алмады. Салдарынан 100 мыңға жуық адам зардап шекті. Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында 3444 жеке тұрғын үй мен 336 аула су астында қалып отыр. Су өткен 139 жол, су шайған 105 жол, оның ішінде 8 көпір және 97 жол төсемі бақылауда.  

Президенттің өзі биылғы су тасқынын 80 жылда болмаған апатқа теңеді.

Осы тұста биліктің соңғы он жылдан бері су қоймаларын саламыз деп келген уәделеріне тоқталайық. Оның бес жылында елді Назарбаев, қалған жартысында Тоқаев басқарған. 

2014 жылы «Еріген қар суын жинайтын 30 су қоймасы салынады» деген.

«Біз барлық облыстармен келісіп, өңірлерді аралап, су қоймаларын салуға болатын жерлерді араладық. Соның нәтижесінде Қазақстанның әр өңірінде 30 шақты жаңа су қоймасын салуға болатынына көз жеткіздік», – деген еді Болат Бекнияз. Су қоймаларын салуға олардың көлеміне байланысты 1 млрд. теңгеден бастап одан жоғары көлемде қаражат кететінін айтқан.

2015 жылы гидротехникалық құрылымдарға 11 млрд теңге қарастырылған еді.  

«2015-2019 жылдарға арналған гео-барлау жұмыстарының бағдарламасы аясында биыл 42 жерде қатты пайдалы қазбаларды барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысандардың жалпы көлемі 135 мың шаршы метрді құраса,  осы жерлердегі барлау жұмыстарына бөлінген қаржы 6 млрд. теңгені құрайды. Жалпы, 2015 жылы геологиялық барлау жұмыстарына 11 млрд. теңге қарастырылған», – деп айтқан сол кезде Б.Нұрабаев.

2017 жыл: «Қазақстанда 22 су қоймасы салынады» деген ақпарат шыққан. Бұл кезде құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталуға тиіс екені айтылған. Сонымен қатар тозығы жеткен 43 су шаруашылығы жөндеуден өтетінін мәлімдеген министрлік. Бұл шаралар су ресурстарын дұрыс пайдалануға жол ашады деген уәде де берген. 22 су қоймасының жалпы құны 57,2 млрд теңге делінген. 

2018 жылы да дәл осындай ақпарат шыққан. Яғни жаңа 20 су қоймасы салынады деп уәде берген.

2021 жылы уәде арта түсті: енді тіпті 39 жаңа су қоймасы салынады деді. Қырғызстаннан 30 пайызға дейін, Өзбекстаннан 25 пайызға дейін, ал Ресейден 15 пайызға дейін тәуелділікті жоямыз деді. Оған 115 млрд теңге жұмсалатыны айтылған еді. Одан бөлек 41 авариялық су қоймасын қалпына келтіреміз деді. Сол кезде министрлік есеп беріп, 2017-2019 жылдар кезеңінде 10 нысан пайдалануға берілгенін, ал екеуі 2020 жылы аяқталғанын айтты. 2021 жылы тағы 8 нысан аяқталғанын, және қалған жиырма 21 нысан 2025 жылға дейін іске асырылады деген.

2022 жылы 59 миллиард теңгеге 9 су қоймасы салынатыны хабарланды. 

«Еліміздегі 8 су шаруашылығы бассейнінің 7-уі – трансшекаралық. Су жеткізуде климаттық факторлардан бөлек, транасшекаралық елдердің су шаруашылығы тәжірибесі әсерін тигізеді. Мұндай жағдайда су экожүйелерінің қажеттілігі қалдық принципі бойынша қанағаттандырылады. Арал мен Балқашқа қатысты проблеманың басты себебі осында. Елімізде суды пайдалану тиімділігі төмен. Айталық, бір өнімге Ресей мен АҚШ-қа қарағанда 3 есе, ал Австралияға қарағанда 6 есе көп су жұмсалады. Қосымша су көлемін қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін су қоры 1,7 текше шақырымды құрайтын 9 жаңа су қоймасы салынады деп есеп берген Серік Қожаниязов.

2023 жыл: көрші елдерге тәуелсіз болмас үшін 20 су қоймасы салынады деген. Онда 4 млн текше метр су жиналады.

Министрілік берген есепке сай, 2027 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында 1,7 текше шақырым жинақтау көлемі бар 9 жаңа су қоймасын салу жоспарланған. Осылайша, алдағы төрт  жылда ауыз сумен қамтамасыз ету және су экожүйелерін тұрақты ұстау үшін ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалануға болатын қосымша 1,7 текше шақырым сумен қамтамасыз етуге ниетті. Екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 11 су қоймасын салу жоспарда барын жеткізген.

2024 жылы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында 2030 жылға дейін 70 елді мекенді тасқыннан қорғайтын 20 су қоймасы салынатынын айтты. 20 су қоймасын іске қосу халқының саны 137 мың адам болатын 70 ауылдық елді мекенді су басу қаупін төмендетуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Байқап отырғанымыздай, соңғы 10 жылда елімізде бірде-бір жаңа су қоймасы салынбаған. Ал болып жатқан қазіргі су тасқынына кім жауапты?

Соңғы жаңалықтар