Қуандық Тұрғанқұловтың жұлдызды сәті қайта басталды. Енді оның алдағы екі ай бойы телеэкрандардан түспейтіні анық. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы бүгін қосшыларын жинап саяси доданың қалай өтетінін түсіндіріп берді. Уақыт тығыз болар, әйтеуір кандидаттарды ұсыну бүгіннен басталып кетті.
Қуандық Тұрғанқұлов, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
-Кандидаттарды тіркеу 25 наурызда аяқталады. Кандидаттардың тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін олардың үгіт-науқаны басталады. Ол 26 наурызда басталып, 24 сәуірге дейін жүргізіледі. Президент сайлауын өткізуге қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді.
Оның көлемін Тұрғанқұлов ашып айтқан жоқ. Дегенмен сайлауға бюджеттен 5 жарым миллиард теңге бөлінетінін бұған дейін Экономика министрі айтқан. Қоғамдық ұйымдар саяси партиялар мен бірге жекелеген адамдар да президенттік тақтан дәмелене алады. Ол үшін үміткер 40-тан асқан, қазақ тілін еркін меңгерген, соңғы 15 жылда Қазақстанда тұрған болуы тиіс. Тіркеуден өткендер декларация толтырып сайлауалды жарна ретінде 1 миллион теңге төлеуі қажет. Бұл ақша кандидат жеңіске жетсе не 5 пайыз дауыс алса кері қайтарылады. Десек те, алдымен 91 мың қол жинап алу қажет. Қазір елдегі 10 мыңнан астам сайлау учаскелері әзірлікке кірісіп, тізімдерін тексеруге кірісті.
Сайлауалды науқанның қызғаны сол еді, бүгін еліміздегі ең ықпалды билік партиясы аймақтан жақтаушыларын жинап жиын өткізді. Себебі Нұр Отанның көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 11 наурызда партияның кезекті 16-шы съезін өткізу жөніндегі қаулыға қол қойған. Дәл осы күні Назарбаев сайлауға қатысу –қатыспау жайында соңғы шешімін айтады деп күтілуде.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
-Бұл тарихи сьезд. Сондықтан 1200-ден астам делегат қатысады деп күтілуде. Мәслихат депутаттары, қала,аудан шалғай ауылдардағы филиалдардың төрағалары келеді.
Осылайша, алдағы екі айда Есілдің сол жағалауын сайлаудың қызығы мен шыжығы күтіп тұр. Қазір науқанның уақыты белгілі бола сала, үндері батыл шыға бастаған партиялар дереу құрылтай өткізуге әзірленіп ортақ кандидат ұсынудың қамына кірісіп кетті. Әзірше, бір де бір үміткерден өтініш түскен жоқ. Ал биылғы саяси дода жаңа есімдермен толығуы мүмкін.