Жарияланды: 760

Елімізде толымсыз отбасылар саны арта түсуде

Елімізде толымсыз отбасылар саны арта түсуде. Қазір ана мен баладан құралған 445 мың отбасы, әке мен баладан құралған 42 мың отбасы бар. Бүгін, 10-қазанда Астанада "Қазақстанда отбасын, ана мен баланы қорғауды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету" мәселесі бойынша өткен парламенттік тыңдауда осы шараны ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, мәжіліс депутаты Амангелді Айталы осындай мәлімет келтірді.

Ол ортаға салған мәліметтерге жүгінсек, қазір елімізде 3,1 млн. отбасылық жұп тіркелген. 1999-жылғы санақ мәліметтері бойынша, елімізде 15-тен жоғары жастағы ер адамдардың 62,3%-і, әйелдердің 55,6%-і некеге тұрса, еркектердің 30,4%-і мен әйелдердің 21,6%-і мүлдем отау құрмаған. Депутаттың мәліметтері бойынша, мүлдем некеге тұрмаған әйелдер мен еркектер арасындағы ең үлкен айырмашылық 20-29 жас аралығында байқалып отыр. "Осы жасқа келген еркектердің 54,3%-і, әйелдердің 33,9%-і мүлдем некеге тұрмаса, еркектердің 4,4%-і мен әйелдердің 8,1%-і ажырасқан, еркектердің 2,9%-і мен әйелдердің 14,7%-і жесір қалған",- деді депутат. Сондай-ақ, мәжіліс депутатының айтуынша, "еліміз үшін отбасындағы зорлық-зомбылықпен күрес мәселесі әлі де өзектілігін жоймай отыр". "Ресми мәліметтерге жүгінсек, биылғы жылы елімізде 715 әйел мен 129 бала кісі қолынан қаза тапқан",- деді ол. Тұрмыстық саладағы қылмыстар саны жылына 10,5 мың оқиғаны құрап, жоғары деңгейде қалып отыр. "Осындай оқыс оқиғалардың басым көпшілігі тіркелмей қалатындықтан бұл санды 4 есе көбейту керек",- деді депутат сарапшылар пікіріне жүгіне отырып. "Анкета қорытындысына жүгінсек, әрбір екінші әйел белгілі дәрежеде зорлық-зомбылыққа ұшырайды, бірақ олардың мардымсыз ғана бөлігі сотқа жетеді",- деді депутат. Жалпы алғанда, парламентшінің пікірінше, "елімізде отбасылық саясат теріс қалыптасқан". "Бүгінде қоғамдағы тұрмыс салты мен мәдениетті түбегейлі өзгерту қажеттігі айқын көріне бастады",- деп пайымдайды халық қалаулысы. "Отбасы үшін балаларды асырау тауқыметін жарым-жартылай болса да мемлекет көтерісуі керек. Ал көп балалы отбасыларды қоғамдық мойындау тұрғысынан да, материалдық тұрғыдан да жан-жақты қолдау қажет ",- деді А.Айталы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін