Қашан да басқайғы болған баспанаға қатысты бағаның төмендей бастағанын соңғы уақыттары мамандар жарыса айтып жатыр. Өткен жылды былай қойып, өткен айлармен салыстырғанның өзінде тұрғынүйге қол жеткізіп жатқандар қатары артып келеді екен. Бұл әсіресе, Алматыда қатты байқалады. Оңтүстік астанада көбіне бір бөлмелі пәтерлердің құны төмендепті.
Нина Лукьяненко, Қазақстан риэлторлары қауымдастығының вице-президенті :
-2015 жылдың бірінші жартыжылдығында жасалған келісімдер өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артқан. Оның үстіне, биылғы ай сайынғы көрсеткіштерді салыстырғанда да үй сатып алушылар санының артып бара жатқанын байқап отырмыз. Ал бұған нарық бағамының төмендеуі әсер етіп отыр.
Дәл осындай бағаның құлдырауы Астанада да байқалуда. Мұнда жарты жыл ішінде мың жарымнан астам жылжымайтын мүлік келісімі жасалған. Мамандардың айтуынша, оған бірінші кезекте Елордада тұрғынүйлердің көптеп салынуы себеп. Яғни, бәсекелестік артқан жерде баға да түсе бастайды.
Дидар Әлімғожинов, жылжымайтын мүлік агенттігінің маманы:
-Негізінде, баға төмендеп жатыр. Қай жағынан қарасақ та, эконом немесе элиталыққа, баға түсіп жатыр. Енді ол неге байланысты екенін әр түрлі себеп айтуға болады. Бүкіл Орынбор көшесі, Сығанақ көшесі, олардың бәрінде қазір үй салынып жатыр. Олар көбейеді, сол үшін барлық адамдар қай жерден іздесе де арзандау мүлік іздейді, пәтер іздейді.
Мұндай баға өзгерісін Ұлттық экономика министрлігі де растап отыр. Мәселен, еліміз бойынша алғашқы жартыжылдықта жылжымайтын мүлікке қатысты жасалған келісімдер саны былтырға қарағанда 9 пайызға өскен. Бұған құрылыс қарқынымен қоса, банктердің қайтадан ипотека бере бастауы оң әсер еткені анық дейді мамандар. Яғни, ақша пайда болған соң сең қозғалып, сауда да жүре бастаған.
-Баспана бағасы аяқ асты тым арзандап кетті деу әрине, қисынсыз. Дегенмен, еліміздің қазіргі тұрақты экономикалық жағдайына сай, құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Ірі қалаларда жаңа құрылыстар көптеп бой көтеруде. Соған байланысты, мамандар бағаның төмендеуі әлі де жалғасады деген болжам айтып отыр.