Еліміздегі ауыл халқының саны азайып барады - kaz.caravan.kz
  • $ 443.44
  • 480.51
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Еліміздегі ауыл халқының саны азайып барады

Еліміздегі ауыл халқының саны азайып барады

Соңғы жылдары еліміздегі ауыл халқының саны 3,5 %-ға азайған.

  • 30 Сәуiр 2019
  • 297
Фото - Caravan.kz

Мұның бірден-бір себебі, бүкіләлемдік урбанизация. Осы орайда, елдімекендерді дамыту, ондағы халық санын арттыру мақсатында республикалық бюджеттен 3 жылда 90 млрд теңге бөлінбек. Аталған қаржыға аудан орталықтарында әлеуметтік маңызды нысандар бой көтеріп, халық тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бірақ, таяқтың екі ұшы бар демекші, мәселенің екінші жағы бөлінген қаржы тиімді жұмсала ма деген сұрақ туындайды.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бүгін үкімет үйінде облыс әкімдері түгел жиналды. Әдетте премьерден сөз естіп, ескерту алатын аймақ басшылары бұл жолы ауыл аймақтарға қажетті соманың мөлшерін талқылады. Сонымен, 2019-2021 жылдар аралығында републикалық қазынадан өңірлерге кезең-кезеңмен 30 млрд теңгеден бөлінбек.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«Осы жылы басты назар ірі елдімекендерге, яғни халық саны көп аудан орталықтарына аударылды. Онда қордаланған өзекті инфрақұрылымды проблемаларды жылдам шешуді қажет етіп отыр. Қаржыландырудың көлемі бір аудан орталығына шамамен 670 млн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта жобаларды іске асыруға жергілікті бюджеттен 4,7 млрд теңге бағытталды».

Аталған жобаға:

52 ауыл іріктеліп алынған.

Барлығы 454 іс-шара жүзеге асырылады.

Ондағы 247 шара жолдарды жөндеуге

135 әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға

72 іс-шара тұрғын үй салуға бағытталған.

Саны жағынан ауыл халқы ең көп аймақтардың бірі Алматы облысының әкімі Амандық Баталов елді-мекендерді дамытуға бөлінген қаржы қайда жұмсалып жатқанымен бөлісті. Шенеуніктің сөзінше, аймақта қазір 732 ауыл бар. Онда облыс халқының 80 % өмір сүреді екен.

АМАНДЫҚ БАТАЛОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

«Облыста 7 млрд теңгеге 7 аудан орталығын қамти отырып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жөндеу бойынша 43 жобаны іске асыру жоспарланды. Оның ішінде жергілікті бюджеттен қаржыландырылған саны 1 млрд теңге».

Аталған жобаның атқарылу барысын премьер-министрдің өзі бақылауына алмақ. Облыс әкімдері әр екі апта сайын бөлінген қаражаттың жұмсалуын экономика министріне баяндап отырады. Ал, премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек ауыл аймақтағы барлық әлеуметтік нысандардағы жөндеу жұмыстары биылғы жылдың қыркүйегіне дейін аяқталады деп сендіріп отыр.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


«Жалпы биыл 30 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлініп жатыр. Биыл ол 52 аудан орталығына қаражат баратын болады. Қосымша әкімшіліктер өздерінің бюджетінен қаражатты қарастырып жатыр және кәсіпкерлер, меценаттар қосымша осы бағдарламаға қосылып жатыр».

Ал, өткен аптада сенат спикері Дариға Назарбаева дәл осы аймақтардағы ауыз су мәселесін шешуге бөлініп, кейін ізім-қайым жоқ болған қаржыны "Бермуд үштағанына" балап, әбден сынаған еді.

ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

"Өңірлерді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін, тәуелсіздік алғалы 540 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бірақ, көптеген елді-мекендерде халық таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Осы ауыз су бағдарламасы "Бермуд үштағаны сияқты" қаржы жұмбақ жолмен жоғалып кетеді. Неліктен?".

Ал, экономист Сапарбай Жұбаев жыл сайын бөлінетін қаржыны тиімді жарата алмай жүрген аймақтарға, қосымша тағы ақша бөлу дұрыс емес деген пікірде.

САПАРБАЙ ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

"Бұл егерде әрбір ауданға бөлінетін болса, сонда біз 52 ауылдық округті бөліп алып отырмыз. Ал, бізде 900-1000-ға тарта ауылдық округ бар. Солардың ең шешілмеген жерлері, мәселен білім саласында 3 ауысымда оқитын мына оңтүстікте аудандар бар. Солардың мәселесін бір-екі жылда шешу мәселесі тұр".

Биыл іріктелініп алынған 52 елді-мекенмен бағдарлама шектеліп қалмайды. Алдағы 5 жылда 2 мыңнан астам ауыл аймаққа аталған қаражаттың бір бөлігі бөлінбек. Осылайша шенеуніктер келешекте ауылдағы халық та маңдайы шылқып өмір сүреді деп сендіріп отыр

Соңғы жаңалықтар