Еліміздегі уран өндіруші аймақтардың тауқыметін шешу үшін салааралық бағдарлама жобасын жасау керек- ҚР денсаулық сақтау министрі - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Еліміздегі уран өндіруші аймақтардың тауқыметін шешу үшін салааралық бағдарлама жобасын жасау керек- ҚР денсаулық сақтау министрі

Еліміздегі уран өндіруші аймақтардың тауқыметін шешу үшін салааралық бағдарлама жобасын жасау керек- ҚР денсаулық сақтау министрі

Қазақстан аумағында уран өндіру жұмысының экологиялық және медициналық зардаптарын мүдделі министрліктер мен мекемелерді кең көлемде жұмылдыра отырып кешенді әдіспен шешу қажет. Бүгін, 11-желтоқсанда Астанада өткен "Уран өндіруші аймақтардағы медициналық-биологиялық проблемалар" тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев осындай пікір білдірді.

  • 11 Желтоқсан 2003
  • 913
Фото - Caravan.kz

Министрдің айтуынша, уран кеніштері мен ядролық полигондардың залал-зардаптарын жою жөніндегі қазіргі қолданыстағы бағдарламалар «проблеманы кешенді түрде шешуге мүмкіндік жасамайды. Олар бірінші кезекте аталмыш тауқыметті тек медициналық тұрғыдан ғана шешуге бағытталған. Ал шын мәнінде бұл проблема тек медициналық сипат аясынан әлдеқашан шығып кетті». «Конференцияның шақырылу себебі де осыда. Біз аталмыш аймақтарды сауықтыру үшін нақты әрі сауатты бағдарлама жобасын жасап үкіметке ұсынуымыз керек»,- деді денсаулық сақтау министрі.

Ж.Досқалиевтің пікірінше, бұл бағдарламада профилактикалық медицинаға арналған шығындардың сыртында уран өндірілген аймақтардағы топырақты рекультивациялау мақсатындағы жұмыстарға да қаржы қарастырылуы тиіс. Ал Кеңес Одағы дәуірінде жалпы өндірілген уранның 40 проценті Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Ақмола облыстарында шығарылғаны мәлім. Сондай-ақ, бағдарлама уран шахталары мен кеніштерін «сенімді жағдайда сақтау» проблемасымен бірге олардың жұмысынан келген экологиялық залал-зардаптарды жою мәселесін де түбегейлі шешуі тиіс.
ҚР денсаулық сақтау минстрлігінің ақпаратына сәйкес, еліміз аумағында 170 млн. текше метрге жуық радиоактивті қалдықтар сақталып отыр. Денсаулық сақтау министрі республикамыздың солтүстік және шығыс аймақтарында қатерлі ісік дертіне шалдығу көріністерінің ұлғаю дерегін (2001-жылы әрбір 100 мың адамға шаққанда қатерлі ісікке шалдыққан адамдар саны 249 болса, биыл бұл сан 290-ға жетіп отыр) аталмыш аймақтардағы қалдықтар проблемасымен де байланыстырады.

Соңғы жаңалықтар