Елімізді өрттен құтқарған қаһармандар жайлы не білеміз? - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізді өрттен құтқарған қаһармандар жайлы не білеміз?

Елімізді өрттен құтқарған қаһармандар жайлы не білеміз?

Елімізде ерлік жасап өрттен құтқарып, қаһарман атанған кімдерді білеміз?

  • 25 Қазан 2018
  • 305
Фото - Caravan.kz

Caravan.kz медиа порталы ерен еңбегінің арқасында жұрттың қошеметіне бөленген жандарға шолу жасады.

Бір, екі емес бірден 50 адамды өрттен құтқарып қалып, ерлік жасаған отандастарымыз да бар.

EXPO көрмесі қарсаңында ел ішіндегі тыныштықты күзету үшін Павлодардан шақыртылған Ержан Нейтоллаұлы көзсіз батылдығымен көзге түскен.

33 жастағы сарбаз қасындағы қос нөкерімен қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болып жатқан өртті көріп, шұғыл қимылға көшкен. Ұлттық ұлан сарбаздарының қырағылығы арқасында көп тұрғын тілсіз жаудан аман қалды.

Үш сарбаздың бірі Ержан Қаниев өрт жайлы былай баяндап берді:

  • Естіген соң жетіп келдім, көре салысымен ойланбастан, кірісіп кеттік. Кейін кішкентай балаларды шығардық. Кейін төмен түсіп келе жатсақ, алдымнан бір әйел шықты. Үйде адам қалып қойғанын айтты, барып көрсек, расымен әпкесі мүгедек екен, көтеріп алып шықтық.

50-ге жуық адамды құтқарған үш сарбаз да төтенше жағдайлар департаментінен арнайы марапатқа ие болды.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрі Қалмұханбет Қасымовтың 2018 жылғы 12 қазандағы бұйрығымен, Алматы қаласының тұрғыны Бейбітгүл Ыдрысоваға «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төс белгісі табысталды. Б. Ыдрысова ағымдағы жылдың тамыз айында өз өмірін қатерге тігіп, жанып жатқан пәтерден 2 баланы өрт сөндірушілер келгенге дейін аман есен алып шықты.

Бейбітгүл подъезге кірген бетте өрттің иісін сезген әйел көршісінің үйіне асыққан. Үйдің есігі жабық, бірақ кілтке ілінбеген болып шықты. Бейбіткүл Ыдырысова бетін жауып, ішке кірді. Үйде балалардың барын білген ол оларды дауыстап шақырған. 7 жасар бала оған жауап берген. Ол үйде 1,5 жасар інісімен бірге қалған. Әйел екі бүлдіршінді жетектеп далаға шығарып, өрт сөндіру қызметіне хабар берген.

Жылдың басында ШҚО төтенше жағдайлар департаментінде Семей қалалық құрылыс колледжінің 4-ші курс студенті Жасұлан Берекеевке де құрмет көрсетілген болатын. Жас жігіт «Төтенше жағдайлардың алдын-алуда және жою да үздік шыққаны үшін» медальмен марапатталды. Ол жатақханадағы өрт кезінде ерекше ерлік танытып, балаларды құтқарып қалған болатын.

Құрылыс колледжі жатақханасының төртінші қабатында электр сымдар жүйесі мен электресептеуіш автоматы жанып кеткен. Жасұлан Берекеев өрт сөндірушілерді күтпей, кішкентай қыздың жылаған дауысын естіп, көмекке келеді. Оның бетін өзінің бас киімімен жауып, қауіпсіз жерге алып барады. Кейін Жасұлан бесінші қабатқа көтеріліп, тағы екі баланы тауып алады. Олардың беттерін күртесімен жауып, таза ауаға алып шығады. Осылайша, Жасұланның ерлігінің арқасында 2-ден 7 жасқа дейінгі үш бала аман қалған. Жасөспірім марапаттау рәсімінде қорқуға уақыт жетпегенін айтты.

«Ол алдымен шуды естіп далаға шыққан кезде өрт тұтанып жатқанын көреді. Өрт сөндірушілерді күтпей –ақ, ол бірден бесінші қабатқа көттеріліп, дәліздің соңында тұрған баланы алып шығады»,-деді Семей қалалық ТЖБ баспасөз қызметіндегілер. Жасұлан ары қарай өртті сөндіруге белсене көмектеседі. Одан соң бесінші қабатқа қайта көтеріліп бөлмелерді қарап шығады. Осылайша №36-шы бөлмеде тағы да екі баланың қалып қойғанын көреді. Сөйтіп оларды да аман-есен алып шығады. «Марапаттау кезінде студент өзінің әрекетін қалыпты жағдай деп түсіндірді. Жас жігіттің оқыс оқиға кезінде салғырттық танытпай, өзгелердің өміріне селқос қарамай, азаматтық борышын адал атқарғаны шексіз алғысқа тұрарлық»,- дейді құтқарушылар.

Өрт кезінде халықты өрттен құтқарушылар ғана емес, қарапайым халық қана емес полиция қызметкерлері де құтқаруға үлес қосып жатыр.

15 қазан күні түнде Аманқарағай ауылында полиция қызметкерлері жанып жатқан үйден әйел мен оның балаларын құтқарып қалған болатын.


«Қостанай-Әулиекөл» бағытында кезекшілікте жүрген полиция экипажы шамамен түнгі сағат төртте Аманқарағай ауылында жеке үйдің жанып жатқанын көреді.

«Оқиға орнына полицейлер жеткенде от үйдің шатырына дейін шарпып кетіпті. Тек іштегі балалардың айқайлаған дауыстары естіліп тұрған. Сержанттар Саят Таңатқанов пен Мәмед Ерғали және арнайы жасақ қызметкері Алмас Өтеулі лезде қимылдап, тұрғындарды сыртқа алып шықты» — делінген Қостанай облысытық ІІД баспасөз хабарламасында.

Ақтөбе қаласында 10 жастағы бүлдіршін туған сіңлісін аман алып қалып, марапатқа ие болған еді.

Өрт сөндіру бөлімшелері келіп жеткенге дейін 2006 жылы туған он жасар Сағыныш Бекниязова үй ішінде сіңілісімен болады. Өрт пешке кептіріп қойған төсеніштің тұтануынан орын алады. Жалын шарпыған төсеніш еденге түсіп, от пенопластпен қапталған қабырғаларға жайылады. Сағыныш қорыққаннан көршілерге жүгіріп, көмекке шақырады.

Содан соң қайтадан жалынға оранған үйге жүгіріп кіріп, 2014 жылғы туылған кішкентай сіңілісін алып шығады. Өкінішке орай үй түгелімен жанып кетті. Кішкентай қыздың ержүректігі мен батылдығы арқасында бір жарым жастағы сіңілісі аман қалды.

Төтенше жағдайдағы ержүректілігі мен батылдығы үшін Сағыныш Бекниязова Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығының Алғыс хатымен марапатталды.

Сағыныш басынан өткен оқиғаны былай баяндап берді:

— Ата-анам ол күні әдеттегідей жұмыстарына кеткен еді. Мен ертеңгілік үйдің өртеніп жатқанын байқадым. Қатты қорыққандықтан, көмекке шақыратын адам іздеп жүгіре жөнелдім. Бірақ далаға шыққанда, кішкентай бөпем есіме түсті. Ол — әлі жасқа да толмаған сәби, үйден өзі шыға алмайтыны түсінікті… Лапылдап жатқан жалын арасынан оны алып шықтым, — деп еске алды.

Астана қаласының ТЖД азаматтық қорғаныс сержанты Асхат Сәлкеевке "Ерлігі үшін" мемлекеттік наградасы табысталған болатын.

Өзінің жасына қарамастан Асхат Астана қаласының №8 өрт сөндіру бөлімінде қызмет еткен жылдары күн сайын дерлік ерлік жасайды және бұл жағдайды қызметтік міндеті деп санайды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты Елордада Шонанұлы к-сі, 43 мекен жайы бойынша орналасқан бес қабатты жатақханада өрт шыққанда ол өз бетінше жүре алмайтын бірінші топтағы мүгедек қызды құтқарған.

Өрт пен қалың түтінге қарамастан өз өмірін қатерге тіге отырып, жас жігіт басқа да адамдардың өмірін сақтап қалып, наградаға ұсынылды.

  • Марапатталатыным туралы отбасыма айттым. Олар мәз болды. Әкем де еңсесін көтерді. Адамдарды құтқарып қалғаныма, жұмысқа бекер барып-келіп жүрмегеніме өзім де қуаныштымын. Міне, сол еңбегім де бағаланып жатыр, – дейді Асхат.

Қиын жағдайларда адамдарға көмектесіп, оларды аман алып қалу үшін Асхат көп жаттығады. Өрт сөндірушілер әрқашан да сақадай сай тұрып, жедел әрекет етуге тиіс. Сондықтан олар өрт сөндіру және авариялық құтқару жабдықтарын жазу, өрт сөндіру сатысымен көтерілу және басқа да өрт сөндіру саптық нормативтер мен арнайы тактикалық дайындық бойынша машықтарын жетілдіріп отырады.

Кез-келген уақытта халықты құтқарып қалатын осындай ерлікке баратын жандармен неге мақтанбасқа?

Дәл осындай құтқарушыларымыз барда еліміздің болашағы баянды болатыны сөзсіз.

Айта кетейік, осы жылы 30 мыңға жуық өрт оқиғасы тіркелген.

Соңғы жаңалықтар