Жарияланды: 460

Еліміздің білім министрлігі өңірлерде мектеп құрылыстарын салуда өрескел заң бұзушылықтарды анықтады

Астана. 15 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің комиссиясы өңірлерде мектеп құрылыстарын салуда өрескел заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы осы мекеменің басшысы Жансейіт Түймебаев бүгін үкіметте өткен селекторлық жиында мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Біздің комиссияның мүшелері сапасыз құрылыс материалдарын пайдалану және құрылыс нормаларын бұзуға байланысты құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасының төмендігін барлық жерде тіркеуде", - деді Ж. Түймебаев. Мысалы, оның айтуынша, "Жамбыл облысында ғимаратты сейсмикалық тұрғыда күшейткен кезде Қытайда өндірілген арматура пайдаланылған, ал оны сейсмикалық күшейтуде пайдалануға келмейді, тіреулер сапасыз бетоннан құйылған, құрылыс нормаларында бұған тыйым салынады". "Бұл деректер құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына қойылатын техникалық қадағалаудың осалдығын паш етеді", - деді министр. "Тексеру көрсеткендей, өңірлердің министрлікке келтірген мәліметтері көп жағдайда шындыққа сай келмейді. Жергілікті әкімдер жағдайдан бейхабар және құрылыс барысын қадағаламайды", - деді Ж.Түймебаев. Бірқатар өңірлерде білім беру нысандарын салуға бөлінген бюджет қаржысы игерілмеген. "2008 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдаймен 3 млрд астам теңге игерілген жоқ, ең көп қаржы көлемін игере алмаған облыстар - Ақмола, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары", - деді ол. Өз кезегінде еліміздің денсаулық сақтау министрі Анатолий Дерновой да "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасының аясында денсаулық сақтау нысандарын салу мерзімін кешеуілдету деректерін келтірді. "Жылдық жоспар 66,4 млрд теңге болса, республика бойынша 18,5 млрд теңге, немесе 28% игерілген", -деді ол. Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысында игерілген қаржы көлемі небәрі 3% болса, Ақмола облысында - 3,4%, Жамбыл облысында - 4%, Батыс Қазақстан облысында - 6%, Қостанайда - 10%, Маңғыстау облысында - 14%, Қызылорда облысында - 17%, Шығыс Қазақстан облысында - 26%, Павлодар облысында - 31% болған. Оңтүстік Қазақстан облысында қаржының 40% игерілсе де, бес нысан салынбай қалды. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть