Мына саймандарды электр жүйесін жөндеуші мамандардың қаруы десек болады. Бірде бір монтер жұмыс алаңына арнайы белдік, резеңке етік, резеңке қолғапсыз шықпайды. Әр құралдың өз міндеті бар. Мәселен, мына резеңке қолғап 1000 вольтқа дейінгі қуаты бар электр сымын қолмен ұстауға мүмкіндік береді екен.
Үлкен додаға жолдама алған монтерлер де қазір қажетті құрал-жабдықтарын түгендеп, соңғы дайындықтарын пысықтауда. Төрт күнге жалғасатын жарыста жетпіс электромонтер жеті саты бойынша шеберліктерін байқайды. Міне, алғашқы сынақ та басталды.
Талғат Әшірәлиев, электромонтер:
— Адам токка түсіп қалған жағдайда болады. Біз соны 4 минуттың ішінде, сол адамды жерге түсіріп, алғашқы көмек көрсетуіміз керек. Жағдайын, тыныс алуын тексеріп, жүрегіне массаж жасап. Медициналық жәрдем келгенше, адамды тірі алып қалуымыз керек.
Басына адам өрмелеп кеткен бұл бағанада 10 мың вольтке дейін ток бар. Қазір электриктер биіктіктегі жас жігітті жерге түсіріп алуға тырысуда. Алғашқы сынақ сәтті аяқталды. Енді екінші саты бойынша тәжірибе «Илюша» есімді мына роботқа жүргізіледі.
Егер, монтер 4 минуттың ішінде роботқа дем беріп, жүрегіне дұрыс массаж жасай алса, оған жан бітеді. Маманның әрбір қимылын компьтерлік бағдарлама қатаң бақылап тұр. Өкінішке қарай, оңтүстіктен келген электриктер бұл сатыдан сүрінді.
Ал, бетоннан құйылған бағананы айнала қазып жүргендер оқу-жаттығу полигонындағы трансформатордың беріктігін байқауда. Мамандардың айтуынша, мұндай әдіспен әдетте ағаш бағаналардың түбі тексеріледі екен. Сайыс төрт күнге жалғасатындықтан электромонтерлерді әлі бұдан да күрделі талай сынақ күтіп тұр. Бас жүлдеге тігілген жүк көлігіне қол жеткізу үшін мамандар жоғары вольтті бағаналарға жылдамдықпен өрмелеп, қауіпті әрі күрделі тапсырмаларды орындауы тиіс.