Жарияланды: 30

Елордада 7 мың бала «Жас Сарбаз» атанған

Елордада 7 мың бала «Жас Сарбаз» атанған

Елордада әскери-патриоттық клуб пен «Жас Сарбаз» сыныптарына 7 мың бала мүше.

Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтында мәлім етілді, деп жазды Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Еордада қала әкімдігінің, «Астана жастары» КММ және ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының қолдауымен «Жас Сарбаз – Тәуелсіздік тірегі» жобасының қорытынды кеші өтті.

Жас Сарбаз жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігі жобасы осы жылдың ақпан айында бастау алып, жыл бойы жалғасты. Жоба аясында әскери-қолданбалы спорт түрлерінен сайыстар, спорттық және шығармашылық сайыстар, үш күндік әскери-патриоттық жиын және өзге де 100-ге жуық акция мен іс-шара ұйымдастырылды.

«Жасөспірім жастардың бойында патриоттық сезімді арттыру үшін аталмыш жоба аясында бірқатар іс-шара ұйымдастырдық. Бүгінде елордамыздағы 91 мектеп пен 37 колледжде «Жас Сарбаз» сыныптары мен клубтары құрылды. Сол сияқты 150-ге жуық әскери-патриоттық клуб пен «Жас Сарбаз» сыныптары ашылып, ондағы тәрбиеленушілер саны 7000-нан асып отыр.

Жасөспірімдердің әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіру мақсатында дәстүрлі түрде 3 жыл көлемінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен күзгі әскери-патриоттық жиындар, жеңіл атлетика марафоны, футбол, волейбол спорт түрлерінен жарыстар мен іс-шаралар, сондай-ақ әскери-патриотық әндер байқауы, патриоттық фильмдер мен ерлік сабақтары және басқа да іс-шараларды жүзеге асыру үстіндеміз. Бұл кеше ғана негізін салған қозғалыс үшін үлкен жетістік деп білемін.

Сонымен қатар, биыл 2000 жас сарбаз тәрбиеленушісіне Жас Сарбаз куәлігін табыстадық», - деді «Жас Сарбаз» қозғалысы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.

Іс-шара барысында жыл бойы үздік қызмет еткен мектеп директорларына қала әкімі орынбасарының алғыс хаты тапсырылса, алғашқы әскери дайындық пәнінің ұстаздары «Жас Сарбаз» қозғалысының төрағасы атынан алғыс хатпен марапатталды. Кеш соңында жылдың үздік «Жас Сарбаз» клубын анықтап, бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін