Жарияланды: 20

Елордада тағы бір мамандандырылған ХҚКО ашылды

Елордада тағы бір мамандандырылған ХҚКО ашылды

"Нұрлы жол" вокзалынан ашылған жаңа орталықта күніне екі мыңға жуық адамға қызмет көрсетіледі.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Нұр-Сұлтанда жаңа мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Енді көлік құралдарын қайта тіркеу немесе жүргізуші куәлігін ауыстыру үшін астаналық көлік иелері қала сыртындағы мамандандырылған ХҚКО-мен қатар, A-82 көшесінде орналасқан "Нұрлы жол" теміржол вокзалындағы бөлімге жүгіне алады, деп хабарлады "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының баспасөз қызметі.

Бұған дейін барлық жүктеме елордадағы жалғыз мамандандырылған ХҚКО-ға түсетін. Ал қала тұрғындарының саны жыл сайын өсіп келеді. Бұл да халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктеменің артуына әсер етеді.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма басшысы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, елордалық автоХҚКО-да күніне екі мыңға жуық адамға қызмет көрсетіледі.

"Көлікті сатып алушы азамат мамандандырылған бөлімге сатушымен бірге келетінін ескерсек, ХҚКО-дағы адам қарасы ешқашан азаймайды. Коронавирус пандемиясы шағында бір ғимаратта осыншама азаматты қабылдау қауіпті, сондықтан екінші мамандандырылған орталық ашу туралы шешім қабылданды", – деді Балташева.

Сондай-ақ, ол жаңа бөлімнің орналасқан жері азаматтар үшін өте ыңғайлы екенін атап өтті. Өйткені, орталық қала ішінде, сол жағалауға жақын жерде орналасқан.

Мамандандырылған ХҚКО-да автокөліктерді қайта тіркеуге арналған 23, жүргізуші куәліктерін ауыстыратын 3, сондай-ақ көтерме және жеңілдік терезелері үшін бір-бір жұмыс орны құрылған. Сонымен қатар ішкі істер министрлігінің деректер базасынан ақпараттық анықтамалар беретін терезе қарастырылған.

Орталық жаңа жиһаздармен және техникалармен жабдықталған. Көлік қоюға арналған тұрақтың аумағы – 70 мың шаршы метр.

Жаңа орталықтың ағашқы күнгі жұмысымен цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова танысты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін