Жарияланды: 890

Ең дәмді қымыз тек Қазақстанда - Еуропаның әйгілі қымыз өндірушісі Ганс Цольман

Қымызды Еуропа халқы жақсы біледі, бірақ оның пайдалылығы Германияда ғылыми түрде дәлелденбеген. Менің Қазақстан жеріне келуімнің де мақсаты осы - Еуропа мен Германияға қазақстандық әріптестеріммен бірге қымыздың пайдалылығын дәлелдеу.

Бұл туралы Еуропаның әйгілі қымыз өндірушісі Ганс Цольман ҚазаАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты. Оның айтуынша, қымызды 1959 жылдан бері Германия халқы жақсы біледі. «Бүгінде ол Франция, Австрия, Голландия елдерінде танымалдылыққа ие. Еуропаның көп елдерінде қымыз өндірісі кең таралған. Халық көбіне қымызды емдік мақсатта ғана қолданады. Қазір біз таза қымызды шығарумен қатар, қымыздан жақсы балалар сүті мен тағамдарын жасауды қолға алудамыз, негізінен қымыз ұнтағынан әр түрлі косметикаларды, спортшыларға арналған әлдендірушілерді де шығарамыз. Германияда 1 литр қымыз - 7-10 еуродан жоғары тұрады, ал кептірілген қымыз 20 еуро шамасында. Жылдан жылға Еуропада қымызға деген сұраныс артып келеді»,-дейді ол. Ганс Цольманның айтуынша, Германия мен Қазақстанның қымызы екі түрлі. «Оның әр түрлі болу себебі, биені қандай жерде баптап, ұстауына байланысты. Біз Германияда жылқыларды арнайы орында ғана ұстасақ, Қазақстанда олар жайлауда, әр түрлі жерде жайылады, яғни әр түрлі шөп жейді. Сондықтан да Қазақстан қымыздарының дәмі де әр түрлі және қымыз сіздерде әр түрлі технологиялармен өндіріледі екен. Ал, бізде мемлекеттік стандарт бар, сондықтан қымыздың дәмі бәрінде бірдей. Біз де жайылымдар бар, бірақ ондай жерлер бізде біріншіден аз, екіншіден шөптердің әртүрлілігі де аз»,-деді ол. Ганс Цольманның пікірінше ең дәмді қымыз тек Қазақстанда. «Мен Монғолияның және басқа елдердің қымызының дәмін көрдім, бірақ ең дәмдісі Қазақстандікі. Қымыз Қазақстанның Отаны болып табылады емес пе, сондықтан сол атқа осылайша лайық болуы керек. Менің бір айтарым, Қазақстан қымыз өндірушілері насихаттық жұмысын ұлғайтып, таратуды көбейтуі керек»,-дейді ол. Оның айтуынша, шаруашылық 1959 жылдан бастап жұмыс істейді. «Ол шаруашылықты менің атам бастаған. Атамыз Кеңес дәуірінде Қазақстанда түрмеде жатқанда туберкулез ауруына шалдығады, оны түрмеден шығарып тастаған соң қазақ досы қымызбен емдеп ажалдан аман алып қалады. Қымыздың емдік қасиеті арқасында ол құлан-таза емделіп шығады. Жазылған соң атамыз елге Германияға оралып, онда қымыз өндірумен айналысып, оны танытып, адамдардың сау болуы үшін жұмыс жасады. Бүгінде біз оның балалары атамыздың ісін жалғастырушылармыз. Шаруашылығымыздың 400 гектардан аса жері бар. Онда 400 бас жылқы ұстаймыз, оның 200-і сауылатын бие. Менің алдағы мақсатым - қазақстандық қымызды одан әрі тереңірек зерттеп, оны Еуропаға насихаттау, шығару»,-деді ол. Ганс Цольман - Германиядағы ең ірі қымыз өндіруші, қымызды Европада насихаттап жүрген тұңғыш шет елдік.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть