«Мен кеше ENI компаниясының басшысы — Скарони мырзамен кездестім, онда біз Қашаған жобасы бойынша ахуалдың одан әрі өрбуіне қатысты мәселеллерді талқыладық. Біз өз тарапымыздан үкіметтің алаңдаушылығын білдірдік, ал Скарони мырза бұл мәселеге қатысты өз көзқарасын ортаға салды. Келісім-шартына сәйкес, бізде достық келіссөздерді реттеуге уақыт бар, келіссөздер 22 қазанға дейін өтеді», — деді К. Мәсімов бүгін өткен баспасөз мәслихатында. «Бұл мәселенің егжей-тегжейін кейінірек «, — деді премьер-министр.
Осы орайда еске сала кетсек, Қазақстан үкіметі Қашаған жобасы бойынша оператор болып табылатын Италияның ENI компаниясының жұмысына көңілі толмайтынын білдірген. Оған оператордың кенішті игеру үшін ұсынған шығындарының сметасы себеп болған. Оған сәйкес шығындар көлемі 57 млрд доллардан 136 млрд долларға дейін өспек. Сонымен бірге өнеркәсіптік мұнай өндіру мерзімі 2008 жылдан 2010 жылға дейін шегерілмекші. Қазақстан жағы ENI компаниясын оператор деген мәртебеден айыра алатынын мәлімдеді.
Бұдан кейін Қазақстанның табиғат қорғау мекемесі Қашаған кеніші бойынша табиғатты пайдалануға берілген рұқсатты тоқтатты. Ресми жорамалға сәйкес, мұндай шешім Agip KCO консорциумы тарапынан республиканың табиғат қорғау заңнамасын бұзуына байланысты қабылданды.
Каспий теңізінің солтүстігінде орналасқан Қашаған мұнай кеніші 2000 жылғы жазда «Восток-1» ұңғысымен ашылған. Бұл дүниежүзінде соңғы 30 жылда ашылған ең ірі кеніштердің бірі, геологиялық мұнай қоры 4,8 млрд тоннаны құрайды.
Солтүстік Каспий жобасын Agip КСО консорциумы жүзеге асырады, оның құрамына ENI (жобаның біртұтас операторы), Total, ExxonMobil, Royal Dutch Shell компаниялары енеді, олардың үлесі тиісінше 18,52% , ConocoPhillips — 9,26%, Inpex және «ҚазМұнайГаз» үлесі тиісінше — 8,33%-тен.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті