Жарияланды: 670

Ереванда ТРАСЕКА ұйымына мүше-елдердің кезекті конференциясы басталды

9-қазан, бейсенбіде Ереванда ТРАСЕКА (Еуропа-Кавказ-Азия көлік дәлізі) ұйымына мүше-елдердің кезекті жыл сайынғы конференциясы басталды. ҚР көлік және коммуникация министрлігінен KZ-today тілшісіне хабарлағанындай, Қазақстаннан бұл конференцияға ҚР көлік және коммуникация министрінің орынбасары Нұржан Байдәулетов, ТРАСЕКА үкіметаралық комиссиясының ұлттық хатшысы Ержан Сүлейменов, көлік және коммуникация министрлігінің заң департаментінің

директоры Төлен Байтіленовтар қатысуда. Екі күндік бас қосуға қатысушылар "ТРАСЕКА үкіметаралық комиссиясының процедуралары ережесі" мен "ТРАСЕКА ұйымының тұрақты хатшылығы туралы тәртіпті " бекітеді. Сондай-ақ, ұйымды 2004-жылы қаржыландару бағдарламасы да сарапқа салынады деп жоспарланған. Арменияның төрағалық етуімен өтіп жатқан бұл форумға жобаға қатысушы барлық 12 елдің өкілдері қатысады деп күтілуде. Осы орайда естеріңізге сала кетсек, ТРАСЕКА бағдарламасы Орталық Азияның 5 және Кавказдың 3 республикасының көлік министрлерінің Брюссельдегі бас қосуында 1993-жылдың мамыр айында қабылданған болатын. Ұйымның басты мақсаты - Европадан Қара теңіз, Кавказ және Каспий теңізі арқылы Орталық Азия аймағына дейінгі көлік дәлізін дамыту болып табылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін