Бұл туралы ДСМ баспасөз қызметі хабарлады, деп жазды Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап.
Ертең, 22 ақпанда Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Нұр-Сұлтандағы №6 қалалық емханада коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник V» вакцинасының екінші дозасын салдырады, — делінген хабарламада.
Еске салсақ, А.Ғиният пен Е. Қиясов коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 2021 жылғы 1 ақпанда №6 қалалық емханада алған болатын.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 1 ақпаннан Қазақстанда халықты ерікті түрде кезең-кезеңмен вакцинациялау науқаны басталды. «Спутник V» вакцинасының бірінші партиясы Қазақстанға 22 мың доза көлемінде жеткізілді және өңірлерге таратылды.
Вакцинаны кәмелетке толған азаматтар ғана алады. КВИ-ға қарсы вакцинация 2021 жылдың соңына дейін жалғасады, оған 6 млн адам қатысады деп жоспарлануда.