Жарияланды: 1200

Еуропада ойнап жүрген жалғыз қазақ баласы

Еуропада ойнап жүрген жалғыз қазақ баласы

2004 жыл. Амстердам. Футбол мачты

Алып стадион араның ұясындай гуілдеп тұр. Жасыл алаңда қапысын келтіріп қайшылай доп тепкен жас ұландарда тыным жоқ. Айғайға сүрең қосқан көрерменнің шуы желді күнгі теңіз дауылындай гүрілдейді. Еуропа жұртының арман-аңсары, таяныш-тірегі, көрері де, бері де – осы футбол. Қазақша айтқанда бұл халық ала доп десе «ішер асын жерге қояды». Тіпті кейбір жанкүйерлер жақсы көретін командасы үшін жаға жыртысуға дейін барды. Сонымен… жасыл алаңға оралайық. Қақпашы асырып тастаған допты ортада тұрған ұзын бойлы қара жігіт басымен солқ еткізіп, оң жақ бөктерінде қиялай шауып бара жатқан қағылез қара торы балаға қарай бағыттап жіберді. Әуелей ұшқан доп қара торы баланың оң жақ аяғына сарт етіп жабыса қалды. Ол алды да, дәл ортада ұры қояндай жылыса жымып жүйткіп жүрген 23 нөмірлі бұйра шаш сарыға лып еткізіп тастай салып, өзі жын қуғандай қапталдай тартып, қарсылас қақпаның бір бүйірінен сопаң етіп шыға келді. Ана бұйра шаш сары да қу екен, ала допты ойнатып отырып, сол жақ бүйірде ентігіп тұрған қара торының аяғына салып берді. Қараторы қас қағымда қақпаға қарай сарт еткізді. Қақпашы бейбақ жыландай созылып, жер сүзе құлады. Одан қайран жоқ, ала доп аппақ тордың ішіде тулап жатыр. Гол! Әдеттегідей өзі әрең отырған көрермен дауылдай толқып жүре берді. Доп соққан қараторы желіден босаған қасқа құлындай шұрқырап алаңды айнала шауып жүр. Бір-біріне міңгескен биік құжыралардағы құжынаған халық «Мұрат, Мұрат, Мұрат» деп, ұран салуда. Шаппай қайтсін, кез келген допшыны менсіне бермейтін еуропалықтарды есінен тандырды… Шап қасқа құлын! Бұл қараторы бала көптен бері Амстердамның құрамында ойнап жүріп, жуықта ғана жастар арасында бірінші лигада ойнайтын «Волендам» командасының негізгі құрамына алынған болатын. Оның өзінде артқы жақты күзетіп сарғайып тұратын қорғаушы емес, алғы шепте атой салатын шабуылшы. Міне, голың! Бұл бала Алла бұйырса кәрі құрлықты әлі де талай таңқалдырады. Бойында арда өскен ата қазақтың қаны тулап тұрғанда жасыл алаңның шаңын қағатын күндер әлі алда. Құдай соған жеткізсін… Бұған дейін кәрі құрлықтың төрінде бұрқыратын доп тепкен қазақ ұланы болған жоқ. Қырындысы қөп, қатпары қалың Еуропа футболының қатарына енудің өзі үлкен ерлік. Алдында апанын қорғайтын арлан қасқырдай жұлымыр күзеті бар, еуропалық командалардың қақпасына жұпар ләззатын аңқытып доп енгізудің өзі бір бақыт емес пе?! Сонымен.. біз сөз етіп отырған қара торы бала – Голландия елінің жастар арасында өткен біріншілігінде өнер көрсетіп, осы жылы 17 жасында (2004) аталмыш елдің «Үздік жас футболшы» атағына ие болған, қазақтың ұланы – Мұрат Тоқанұлы Өнел. Өз басым Мұрат бауырымыз туралы алғаш рет қазақ баспасөзінің жанашыры, жас болкшы Аршат Ораздан естіп, білген едім. Енді Мұрат Тоқанұлы қайдан шықты, ол кім, Еуропаға қалай барып жүр… осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. 1936 жыл. Баркөл. Қазақ көші Дерек көздеріне жүгінсек, әлемнің қырық шақты елінде қазақтар бар дейді. Соның бірі туысқан Түркия елі. Қазір бұл елде 20 мыңдай қандастарымыз тұрып жатыр. Түркиялық қазақтардың атажұрты – Алтай. Нақтырақ айтқанда, 1936 жылы қытайдың саяси қысымына бағынбай Баркөл өңірінен (Шынжанның шығыс бөлігі) көшіп, адам аяғы баспаған Гималай тауын асып, Үндістанға өткендер. Осы Баркөлден аттанған көштің басы-қасында болған марқұм Халифа Алтай атамыз өзінің естелігінде, «Құмыл аймағы Баркөл ауданынан 1936 жылы ауа көшіп Гансу, Шинхай жерін басып өткен 18 мың адамнан 5 мың адам ғана 1940 жылдың аяғында Тибет арқылы Үндістан шекарасына аман келдік. 1941 жылдың басында осылардан тірі қалған 3 мың адам үнді еліне аман жетті. Үндістанға келген соңда ауа райы жақпай індетке шалдығып, қырыла-қырыла 1952 жылы тірі қалған 1500 адам Кашмирге қоныстандық. Бізге 1951 жылы қытайдан ауа көшкен 350 адам келіп қосылып, барлығы 1850 адам 1954-60 жылдары Түркияға келіп қоныстандық» дейді. («Естеліктерім» Астана-2000 ж. 5-бет). Осы бір қазақ көшінің тағдыр-тауқыметі жайлы тағы да басы-қасында болған һәм ауыр күндерді өткерген екінші бір қазақ қайраткері Дәлелхан Жаналтай ақсақал өзінің естелігінде: «…тауға таяғанда алай-дүлей боран басталды. Аттар жүре алмай ыс тие бастады. Сол жерде бір әйел өліп кетті. Көмуге шама келмеді. Мүрдесін түйеге артып жүрдік. Әр күні кемінде үш жаназа шығарылып отырды. Ыс тиген атқа көк шүперекті тұтатып иіскетсе жазылады екен. Ашыққан түйе мен жылқыға қой сойып етін жегізіп алға қарай жылжып отырдық…» («Қилы заман – қиын күндер» Алматы-2000 ж. 104-б) Осылай Баркөлден басталған қазақ көші қырыла-қырыла Үндістанға жеткенімен ол жерде де қатты қиыншылық көріп, өлім-жітімнен көз ашпаған. Үндістандағы ахуал жайлы Халифа Алтай ақсақал естелігінде: «Өлім көп, күн ыстық. Әр күн сайын оншақты адамды жерлейміз. Көбін оба жалмап кетті. Өлген адамдарымызды жергілікті жердегі зиратқа жерлеуге ұлықсат етпей қойды. Өзіміз баспана қылып отырған шатырлардың арасына жерлей бердік. Бүкіл ауылдың іші бейітке толып кетті. Күні бойы қабір қазудан қолымыз босамайтын болды. Ыстықтан балалар ұйықтай алмай сілесі қатады. Ыстықтан адамдардың жүздері сарғайып, денелеріне қып-қызыл бөрткен қаптап кетіп, біртіндеп сірескен жараға айналады. Мынау жарық дүниеден күдерімізді үзе бастадық. Үндістанға өткенде 3000 мыңнан астам адам едік, бір жылдың ішінде осыдан 1200 адам ғана тірі қалды. Кейбіт отбасылардан бірде-бір жан қалмай қырылды» деп жазады. («Алтайдан ауған ел», Алматы, 2000 ж. 64-65 б). Неткен сұмдық, неткен ауыр күндер… Оқып отырып төбе құйқаңыз шымырлайды екен… Мұндағы айтпағымыз: осы көштің бел ортасында біздің кейіпкер Мұраттың ата-бабалары болған. Құдай сақтап, тірі қалған. Мұраттың алтыншы атасы Құтыбай деген адам екен. Шынжанның Алтай аймағы Қаба-Буыршын жерінде өмір сүрген. Құтыбайдың Сүлеймен, Күлеймен деген екі ұлы бопты. Сүлеймен жоғарыдағы қаралы көштің бел ортасында жүрген. Сүлекеңнің Ұлықпан дейтін ұлы болған. Қазақтар 1952 жылы Пәкістанның Кашмир өлкесі Сринагар қаласы маңына қоныстанған 1952 жылы Сүлейменұлы Ұлықпанның әйелі босанып ұл тапқан. Сондағы туған бала Тоқан (құжат бойынша Тоқтыхан) футболшы-кейіпкеріміз Мұратың әкесі. Тоқан аға екі жасында 1954 жылы ата-анасымен бірге Түркияға қоныс тепкен. Қазір Амстердам қаласында тұрады. Еуропаға жол немесе әуесқой клуб «Веспуччи» Тоқан ағамыз 1988 жылы тіршілік қамымен Түркияның Салихалы қаласынан ірге көтеріп, Еуропаға беттейді. Сондағы таңдап келіп қоныстанған жері – Амстердам. Бұл қаланың тарихы терең, ежелден келе жатқан көне шаһар. Жұбайы Бақытхан Қыдырмолдақызы екеуі алғашында шаһардан 30 шақырым қашықта орналасқан тігін өндірісінде жұмыс жасайды. Бұл отбасының Мұраттан басқа тағы екі перзенті бар. Үлкені 1977 жылы туған Тұнжай, екіншісі 1979 жылы туған Зейнеп. Қазір Тұндайдан төрт, Зейнептен екі немере сүйіп отыр. Алғаш Еуропаға қоныс аударғанда бір жастағы Мұратты Салихалыдағы ата-енесінің қолына тастап кеткен. Енесі Рысқай нәрестені балапандай баптап, өсіріп, үш жасқа толғанда, яки 1990 жылы өз әке-шешесінің қолына тапсырған. Ұзын сөздің қысқасы, Амстердамда аяқтанған Мұрат бала мектептің табалдырығын аттайды. Бес жасынан бастап есік алдындағы футбол алаңында тапырақтап доп қуады. Үшініші сыныпта оқып жүрген мезет. Аулада доп теуіп жанталасып жүрген қара ұлға қалалық балалар футбол үйірмесінің бапкері Орханның көзі түседі. Орханда тегі түркиялық азамат. Кезінде өзі де футболшы болған. Осылай аяқ доптың алқашқы әліппесін бес жасында Амстердамдағы «Веспуччи» атты әуесқой ко¬ман¬дасының мектебінен бастаған Мұрат қызғалдақты елдің футбол айдынына бет түзеді. Голландия футболы әлемнің басты фавориттерінің сойынан. Оны әркім біледі. Өткен ғасырдың 70-жылдары жай отындай жарқылдаған Иохан Круиф, 80-жылдардың жұлдыздары – Руд Гуллит, Марко ван Бастан, 90-жылдың сойлары – Патрих Клюверт, Франк де Бур, Рошельд де Бур, дәл қазір жасыл алаңда атой салып жүрген – Робин ван Перси, Арьен Роббен, Хунтелер… голландиялық футболдың майталмандары. Осылар түлеп ұшқан айдында біздің қара ұлымызда жүзіп жүр. Егерде біздің бала қатардағы көп ойыншының бірі болса 2005 жылы маусым айында «AFC Амстердам» командасы негізі құрамға шақырмас еді. Еуропалықтардың ең нашар командасы біздің ұлттық құраманы жеңіп кетуі әбден мүмкін шаруа. Өйткені, ол жақтың футболшылары өлермен. Не өледі, не гол салады. Ойын барысындағы қателік секундпен өлшенеді. Оның сыртында миллиондаған жансүйер, миллиардтаған евро… шыр айналып жатыр. Мұрат «AFC Амстердам» қатарында 2006 жылдың аяғына дейін өнер көрсетті. Осы уақытта негізгі құрамамен бірге 25 ойын өткізіп, өзінің жеке есебіне 12 гол тіркеп, мақтаулылар қатарынан көріне білді. Оның тұрақты позициясы шеткі шабуылшы. 2007 жылдың басында Бельгияның «Брюгге» («Club Brugge») футбол клубына ауысты. Осында бір жылға жуық өнер көрсетіп, жылдың аяғында «ADO Den Haag» клубымен келісімшартқа отырды. «ADO Den Haag» құрамында шеберлігін шыңдай жүріп, кешікей Голландияның бірінші лигадағы танымал клубтарының бірі - Волендамнан (Fc. Volendam) шақырту алады. Осылай жыл сайын өрлеу үстінде келе жатқан Мұратың спорттық шеберлігі 2009 жылдың 8 наурызында өткен «Vitesse Арнем» клубына қарсы ойынында жарқырап көзге түсті… Голды ең оңай соғатын ойыншы Мұрат Тоқанұлы өзінің кезекті бір баспасөзге берген сұхбатында: «Голландия футбол мектебі әлемдегі ең мықты мектептердің бірі. Еуропаның үлкен командаларында кем дегенде 1-2 голландиялықты көре аласыз. Бұл елде кәсіпқой футболшы үшін техника, жылдамдық, күш және ең бастысы ақыл маңызды фактор болып саналады. Бұлардың біреуі кем болса, ойнай алмайсыз. «Сенің ең жақсы қасиеттеріңнің бірі – оңай гол соғуың», дейді менің бапкерлерім» депті. Осы орайда футбол мамандарының ой пікіріне құлақ түрсек футболшы үшін ең қажет нәрсе – ақыл. Айталық еуропалық спорт арналарының біріне берген сұхбатында испандық Барсалено клубының белді шабуылшысы Лионел Месси, «біздің клубтың ойын өрнегі ақылға құрылған, әріптестерімнің ақылдылығы соншалық кейбір қалтарыс-бұлтарыстарын менің өзім дер кезінде түсінбей қалып жатамын» деген екен. Демек, ақылың болмаса футбол әлемінің қыр-сырын меңгеру қиын. Қазаққа квота жүрмейді Мұрат бауырымызға атажұрты Қазақстан назар аудармады десек артық болар. Біздің ұлттық құраманы голландиялық бапкер Арно Пайперс басқарып тұрған кезде Қазақстан ұлттық құрамасының Голландиядағы оқу-жаттығу жиынына Мұратты да шақырған болатын. Ол кезде Мұрат мұрты жаңадан тебіндеп келе жатқан 19 жастағы бала. Әрі университетте оқитын. Бауырымыздың ойын өрнегін ұнатқан Арно Пайперс оны Қазақстанға легионер ретінде шақырды да. Бірақ дәл сол кезде Мұрат университеттегі оқуыма байланысты келе алмады. Одан кейін бауырымызға ерекше назар аударып, мән берген Қарағандының «Шахтер» футбол клубының басшысы Ерден Халилин мырза. Бұлар Мұраты 2011 жылы Антальяда өткен оқу-жаттығу жиындарына шақырып, байқап көрді. Оқу-жаттығу барысындағы дайындық матчында Мұрат 2 гол соғып, 3 гол пасын беріп көзге түсті. Және дәл осы кезде Мұрат «Шахтердің» құрамында өнер көрсетуге аса ықылас танытты. Қысқасы Қазақстанға келуге дайын болатын. Күні кеше ғана Мұраттың анасы Бақытхан ханыммен тілескенімізде: «Балам қазақстандық жігіттермен бірге ойнап, әсіресе қазақша сөйлеп жырғап қалды, оның бар арманы Қазақ елінің намысын қорғау» деді. Сөз орайы келгенде, «егер балаңыз Қазақстанға келіп жатса, сіздер де келесіздер ме?» деп сұрақ қойып едік, Бақытхан ханым: «Ондай күн туса елге барып ұлымының аяғын жуып беріп жатпаймын ба?» деп, қысқа қайырды. Бірақ… бірақ демекші Мұрат елге келе алмады. Себебі - біздің футболдағылар оны легионер ретінде ала алмайды екен. Яғни, бұл квотаға басқа шетелдік футболшылар ғана кіреді. Қысқасы қазаққа квота жоқ. Егер ол Қазақстан азаматтығын алған жағдайда ғана «Шахтер» қабылдауға әзір. Жоғарыдағы клуб пре¬зиденті Ерден Халилин мырза Мұратқа азаматтық алып беру үшін қолынан келгенін жасап баққан. Қысқа мерзім ішінде азаматтық алу мүмкін болмағандықтан бауырымыз беті қайтып, келген ізімен кете барған. «AC Kajaani» киген чемпион тәжі Сөйтіп Голландияның Волендам командасынан өз еркімен бас тартып, Қазақстанға келгісі келген Мұрат Тоқанұлы орта жолда алты айдай сандалып дала да қалып қойды. Сөйтіп жүргеде осы жазда Финляндияның «AC Kajaani» командасы шақырып қалды. Бұл команда үшінші лигада ойнайтын қатардағы қаражон команданың бірі болатын. Мұрат әдеттегідей шабуыл тізгінін қолына алды. Қарсыластарының қақпасына қақыратып доп соқты. Жаз бойы орта алаңда ойын құрушы амплуасында ойнаған ол 12 ойында 7 гол соғып, 15 гол пасын беріп үлгеріпті. Нәтижесінде аталмаш команда өз лигасында чемпион атанып, тәжі киді. Қысқасы Мұраттың арқасында команда 3-ші лигадан Финн 2-ші лигасы Какконенге өтті. Қазір Мұратқа Финляндия 1-лигасы командаларынан шақыру түсіп жатыр және бұрынғы командасы Волендам да кері шақыруда. Қазақ атамыз айтқандай, алтын пышақ қап түбінде жатпақ емес. Аман болсақ бізде еуропалықтар сияқты айғайға сүрең қосып отыратын боламыз. Құдай сол күнге жеткізсін! Ұрпақ үзілмейді, су сүзілмейді Мұраттың ата-анасымен аз-маз сөйлескенде аңдағанымыз: отбасы түгелдей дерлік дін ұстанған адамдар екен. Анасы Бақытханның әкесі Қыдырмолда түркиялық қазақтардың маңдайалды діндарларының бірі болса, Тоқан ағамыз жұбайы Бақытханмен бірге Меккеге барып қажылық парызын өтеп келіп, Алладан медет, пайғамбардан шапағат тілеп жүрген абзал жандар көрінеді. Мұрат бауырымыз кәсіби футболшы бола жүріп, Голландияда бастауыш және орта мектептерді бітірген соң, 2001-2006 жылдары Амстердамдағы HAVO-VWO жоғары оқу орнын тәмамдаған. Бір уиверситетпен шектеліп қалмай 2008 жылдан бері HBO университетінде экономика саласында жоғары білімін жалғастыруда. Біздің қазақта, «ұрпақ үзілмейді, су сүзілмейді» деген аталы сөз бар. Расында жоғарыда айтып өткеніміздей, Тибетте қырылып, Үндістанда өлімші қалін бастан кешірген қазақтар сол кезде бізден де бір ұл туып, ол Еуропада ала допты ойнатып жүрер деп ойлады ма екен. Әй, қайдам. Бірақ үмітсіз шайтан дегендей, өздері өлсе де ұрпақ үзілмейтініне сеңген шығар. Тағдыр деген осы шығар: Мұраттың ұлы бабасының басы – Алтайда, одан кейінгі үлкен атасының басы – Пакистанда, өз атасы Ұлықпан Түркия топырағында тербеліп жатыр. Бұның өзі тарыдай шашылған қазақ тарихының бір белгісі ғана. Авторы: Бекен Қайратұлы Материал "Намыс.кз" сайтынан алынды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін