Ол кезек бойынша атасы Чарльз бен әкесі Уильямнан кейін таққа үміткер үшінші адам екенін айта кету керек. Британ королевасының әулеті – кәрі құрлықтағы ең ежелгі әулет болып табылады. 1917 жылға дейін бұл әулет Саксен-Кобург-Готск деп аталған еді. Алайда, Германия бірінші дүниежүзілік соғысты бастағаннан кейін британ монархтары өздерінің неміс ата тектерін ұмытпай, оны ағылшынша Виндзор деп өзгерткен болатын.
Еуропаның, дәлірегі, Ұлыбританияның, Германияның, Австрияның, Ресейдің, Грекияның, Испанияның, Данияның және Швецияның қазіргі және бұрынғы монархтары өзара туыс болып келеді. Олардың бойында, сондай-ақ, Ибери түбегін (қазіргі Испания мен Португалияның аумағы) жаулап алған әрі еврейлер мен мұсылмандарды түре қуған католик королінің де қаны бар. Бір қызығы, еуропалық әулеттердің ата тегі тарихта Заида Севильская есімді әйел арқылы мұсылмандармен де байланысты екенін айтпай кетуге болмайды.
Заида Севильскаяны мористердің (католик дінін күштеп қабылдатқан араб мұсылмандары) қатарына жатқызып жүргендер бар. Ол ХІ ғасырдың соңында Испанияның оңтүстігінде дүниеге келген. Оның ата тегі туралы түрлі әңгімелер айтылып жүр. Тарихшылардың кейбіреуі оны кордовалық халифа Мұхаммед әл-Мұтамидтің қалыңдығы болған десе, өзге біреулер Заиданы оның қызы деп есептейді. Соңғы нұсқасына сенсек, ол арғы тегі Пайғамбарлар падишасы Мұхаммед Мұстафадан (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын!) тарайтын Аббадидтер әулетінің ханшайымы болып шығады. Осы айтылғандармен қатар, Зайданы кордова халифасының ұлы әл-Мамунның тұтқыны болып, одан екі ұл перзент сүйген деп топшылайтындар да жетерлік.
1091 жылы Альморавидтердің берберлік әулеті Испанияның оңтүстігіне баса-көктеп кіреді. әл-Мамун басқыншылардың қолынан қаза табады. Ал, Заида қолға түседі. Ол Севильге қашып шыққанымен көп ұзамай бұл қаланы да берберлер жаулап алады. Заида, амал жоқ, Испанияның солтүстігіндегі католик королі Альфонс ҮІ-ны паналауына тура келеді. Король оны өз сарайында қамап ұстайды. Заида христиаан дініне өтіп, Исабель деген есімді иеленеді. Бұл ныспының тағы бір нұсқасы – Елазивет. Альфонс ҮІ-ның бірнеше ұлы болғанымен олардың тек біреуі ғана – Санчо тірі қалады. Бұған қоса, королдің екі қызы да – Санча мен Эльвираны да Заиданың перзенті деп санайтындар бар. Эльвира Сицилия королі Рожер ІІ-ге тұрмысқа шықса, Санча кастильдік ақсүйек Родриго Гонсалеса де Лараның зайыбы болады. Арада екі ғасыр өткеннен кейін оның ұрпағы ханшайым Изабелла Кастильская (1355-1392) ағылшын королі Эдуард ІІІ-тің ұлы, Йорк герцогы Эдмунд Лэнгли есімді британ ханзадасына қосылады. Айтпақша, дүниеден озған Диана ханшайымының да арғы тегі француз королевасы Мария Медичи (1575-1642) арқылы Заида Севильскаяға барып тіреледі.
Испанияның Леон қаласында Заида-Исабелдің құлпытасы сақталған. Онда оның мұсылман болғанын білдіретін: «мұнда король Альфонстың жұбайы, Севильия билеушісі Абен-абестің қызы, бұрынғы есімі Заида деп аталған Исабелдің сүйегі жатыр»,- деген жазуды оқуға болады.