Франция мен Қазақстан есірткі, лаңкестік және заңсыз көші-қонмен күрес саласындағы ынтымақтастықты күшейтпекші - kaz.caravan.kz
  • $ 464.72
  • 496.32
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Франция мен Қазақстан есірткі, лаңкестік және  заңсыз көші-қонмен күрес саласындағы ынтымақтастықты күшейтпекші

Франция мен Қазақстан есірткі, лаңкестік және заңсыз көші-қонмен күрес саласындағы ынтымақтастықты күшейтпекші

Франция мен Қазақстан есірткі, лаңкестік және заңсыз көші-қонмен күрес саласындағы ынтымақтастықты күшейтпекші. Бұл туралы бүгін, 18-қарашада Қазақстандағы Франция елшісі Жерар Перролэ Алматыда хабарлады.

  • 18 Қараша 2003
  • 471
Фото - Caravan.kz

Бұл шешімді француз елшісі «Ауғанстандағы ахуалдың тез арада тұрақтана қоймайтындығымен, және бұл жалпы алаңдаушылыққа себеп болып отырған басты қайнар көз екенімен » байланыстыра түсіндірді. Оның айтуынша, Орталық Азия аймағы үшін лаңкестік, заңсыз қару, есірткі және адам саудасы жөніндегі қауіптер әлі де арылмай отыр. «Аталмыш тауқыметтермен күрес халықаралық қоғамдастық тарапынан қатаң көзқарасты талап етумен бірге халықаралық ұйымдар мен мүдделі елдер арасында ешбір мінсіз ынтымақтастық орнауын талап етеді»,- деді Ж.Перролэ.

Елшілік полициясының атташесі Жильбер Галидің хабарлауынша, тараптар тек техникалық ынтымақтастықты дамытып қана қоймай, өзара жедел ақпарат алмасуды жолға қоймақ. Франция полициясы мен Қазақстанның құқық қорғау мекемелері арасындағы техникалық ынтымақтастық туралы сөз қозғаған Ж.Гали ол өзара әріптестік тәжірибе алмасуға негізделетінін атап көрсетті.
Атап айтсақ, осындай бір ынтымақтастық жобасының аясында ҚР кедендік бақылау агенттігінің республикалық кинологиялық орталығының қызметкерлері Франциядағы полициялық мектептердің бірінде иісшіл иттерді есірткі заттарын іздеуге машықтандыру әдістемесімен танысып қайтты. Орталық төрағасы Александр Боднардың айтуынша, бұл бағдарлама қазірдің өзінде нәтижесін беріп, контрабандалық есірткі заттарын тауып алу дерегі арта түскен. Орталық еліміз бойынша қазіргі жағдаймен жалғыз орталыққа саналып отыр. Алайда, алдағы уақытта осындай құрылым ҚР ІІМ-де де жұмыс істей бастайды.
Алдағы ынтымақтастық жоспарларына тоқталған Ж.Гали, келер жылы Орталық Азия елдерінде Франция тарапынан ұсынылған бірқатар жобаларды жүзеге асыра бастау көзделгенін хабарлады. Олардың арасында аймақтық деңгейдегі және екі жақты негіздегі жобалар да бар. Аймақтық жобалардың арасында арнайы бөлімшелерді оқытуға бағытталған лаңкестікке қарсы жоба аталды. Ал есірткі саудасымен күрес саласында қазіргі заманғы тергеу техникасына оқытуға және сот-сараптама саласына арналған жобаны жүзеге асыру межеленді. Қырғызстан мен Өзбекстанда азаматтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы жобалар жүзеге асырылады.
Сондай-ақ, Қазақстандағы Франция елшісінің хабарлауынша, қазір мүдделі мекемелер есірткімен күрес саласындағы, бірақ полицияның құзыры аясына қамтылмайтын жобаларды қарауда. «Орталық Азия елдерінде нашақорлар санын арттыруға жол бермеуге бағытталған профилактикалық шаралар саясаты мен бұрынғы нашақорларды сауықтыруға бағытталған нақты саясат болуы керек»,- деді
Ж.Перролэ.
Ж.Галидің айтуына қарағанда, өткен жылы Ауғанстанда 3,4 мың тонна апиын өндірілсе, биыл бұл ауқым 3,6-4 мың тоннаны құрады. Ал былтыр жалпы Орталық Азия аймағында ұсталған героиннің 80 проценті Тәжікстанда тәркіленді.

Соңғы жаңалықтар