Француз кәсіпкерлері Қазақстанмен өнеркәсіп, көлік және ауыл шаруашылығы салаларында ынтымақтасуға ынталы - ҚР СІМ - kaz.caravan.kz
  • $ 470.17
  • 547.47
+18 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Француз кәсіпкерлері Қазақстанмен  өнеркәсіп, көлік және ауыл шаруашылығы салаларында ынтымақтасуға ынталы - ҚР СІМ

Француз кәсіпкерлері Қазақстанмен өнеркәсіп, көлік және ауыл шаруашылығы салаларында ынтымақтасуға ынталы - ҚР СІМ

Астана. 15-қараша. "Қазақстан Бүгін" - Францияның Эльзас аймағының іскерлік ортасы Қазақстанмен өнеркәсіп, көлік және ауыл шаруашылығы салаларында ынтымақтасуға үлкен қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

  • 15 Қараша 2007
  • 959
Фото - Caravan.kz

Баспасөз қызметі хабарлағандай, 8-қараша күні Страсбург қаласында Эльзас аймағының ресми және кәсіпкерлік орталарының қатысуымен «Сіз болашақ сауда серіктесіңізді ашыңыз: Қазақстан» тақырыбында конференция болып өтті.

Аталмыш шараны Қазақстан Республикасының Франциядағы елшілігінің қолдауымен Страсбург қаласының және Эльзас аймағының (Франция) сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырды.

«Аймақтың іскерлік ортасының өкілдері біздің еліміздің экономикалық дамуының басым бағыттарымен және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен республиканың банк секторын тұрақтандыруға қатысты үкіметтік шаралар секілді көкейкесті мәселелер қамтылған инвестициялық мүмкіндіктермен таныстырылды», — деп хабарлады Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Страсбургтың сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Жан-Луи Оэрле, франциялық «Сосьете Женераль» банкінің Қазақстан Республикасындағы өкілдігінің басшысы Жан-Мишель Менье және Шуман атындағы университеттің Стратегиялық зерттеулер орталығының докторанты Акмер Апамбаева ашылуда сөз сөйлеген.

Конференция аясында «Эльзас бизнесмендері химия және тамақ өнеркәсібі салаларында, көлік және ауыл шаруашылығын жетілдірудегі ынтымақтастық бойынша өздерінің іскерлік ұсыныстарын айтты», — деп хабарлады министрлік қызметкерлері.

Сонымен бірге, кездесу барысында «екі елдің арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында «Франция — Қазақстан — Эльзас» достық қауымдастығын құру» ұсынылған.

Германиямен шекараласатын Эльзас аймағының кәсіпорындары ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі (шарап дайындау, дәнді-дақылдарды және көкөністі қайта өңдеу, тамақ өнеркәсібінің құрал-жабдықтарын жасау), автокөлік және машина жасау («Пежо-Ситроен», «Дженерал Моторс Страсбург» компанияларының зауыттары, «Дэ Дитриш Термик» жылыту құралдарын жасау), электроника (өнеркәсіп құралдарын, электр блоктарын және бөлшектерін жасау), сондай-ақ, химия өнеркәсібі (құрал-жабдықтар, өнеркәсіптік бояғыш материалдар) салаларына маманданған.