Алғашқы кездесуде Михаил Кукушкин Рубен Бемельманстан басым түссе, артынша Андрей Голубев Бельгия құрамасының үздігі Давид Гоффинмен күш сынасып, бес сетке созылған ойында құрамаға 2-ші жеңісті алып келді. Алайда жұптық кездесуде біздің жігіттер бельгиялық дуэтке есе жіберді. Ойынның соңғы күні Давид Гоффин Кукушкиннан басым түсіп, кездесудегі есепті теңестірді. Ал шешуші матчта Андрей Голубев 6:2,6:3,6:1 есебімен Рубен Бемельманстан айласын асырып, ұлттық құрамаға жеңіс сыйлады. Енді Диас Досқараев шәкірттері ширек финалда Швецариялық ұжыммен кездеседі.Ойын сәуірдің 4 мен 6-сы аралығында Женева немесе Базель қаласында өтеді.
Күн санап жаңа футбол маусымы да жақындап келеді. Түркияда дайындалып жатқан «Ақтөбе» кезекті жолдастық матчын Ресейдің «Роторына» қарсы өткізді. Жолдастық кездесу деген аты болмаса, жасыл алаңда футболшылар аянып қалған жоқ.
Соның салдарынан алғашқы таймда ойын тәртібі бұзылған эпизодтар көбірек орын алды. Дегенмен жолдастық кездесудегі алғашқы голды волгоградтық футболшылар соқты. Матчтың екінші бөлігінде ойын тізгінін қолға алған «Ақтөбе», Асхат Тағыбергеннің әдемі соққысынан кейін таразы басын теңестірді. Алайда «Ротордың» кезекті бір шабуылы кезінде ойын тәртібі бұзылғанын анықтаған төреші «Ақтөбенің» қақпасына 11- метрлік айып добын белгіледі. Бұл сынақта қақпашымыз қапы қалды. Мұндай нәтижемен келіспеген Владимир Никитенконың шәкірттері артынша таблодағы есепті қайта теңестірді. Бұл ойын сәтінде Юрий Логивененко көзге түсті. Қорытынды есеп 2:2.
Қазақстандық өзге клубтар да оқу-жаттығу -жиыны аясындағы сынақ матчтарын жалғастыруда. Шымкенттің «Ордбасы» 3:1 есебімен екінші бундеслигада өнер көрсететін Дрезденнің «Динамосынан алда болды. Алматының «Қайраты» мен Көкшетаудың «Тобылы» қарсыластарына төтеп бере алмады. «Қайрат » 0:2 есебімен Ресей премьер лигасының өкілі «Теректен» ұтылса, «Тобыл» 2:3 есебімен чехиялық клубқа жол берді.
Кәсіпқой бокс әлемінде айдарынан жел есіп тұрған боксшының бірі – Генадий Головкин. Қарсы келгендерді шетінен сабап жүрген жерлесіміз, кеше ғана тағы бір мықтыны ұрып жықты. Ганалық Осуману Адаманы ұзаққа жеткізбей тәубесіне келтірген Головкин, өзінің чемпиондық атағына тағы да шаң жуытпады. Осыдан кейін «Қазақстаннан шыққан чемпион енді кіммен кездеседі ?» деген сұрақ , спорт сүйер қауымды бұрынғыдан да қызықтыра түскені анық.
Монакодағы өткен бәсеке Головкиннің потенциалы жоғары екенін тағы бір дәлелдегендей. Белсеніп шыққан Адаманы алтыншы раундта еденге сұлатқан жерлесіміз, өзімен кездесуге асығып жүрген қарсыластарын тағы бір ойландырып тастады. Осы жеңістен соң Генадийдің проумотері Том Леффлер, шәкіртінің болашақ қарсыластарын атады. Олардың қатарында аустралиялық Дэниэл Гил, ирландиялық Энди Ли және америкалық Джеймс Киркланд бар. Бұдан бұрын Том Леффлердің таңдауы Серхио Мартинес, Андре Уорд және Адонис Стивенсон секілді мықтыларға түскені есімізде. Бірақ Монакодағы матчтан кейін тізім күрт өзгерген. Ұзын-саны 29 жекпе-жек өткізіп оның бәрінде мерейі үстем болған Головкин, келесі кездесуін 26-сәуір күні өткізеді. Нью-Иорктегі «Мэдисон Гарденде» өтетін бәсекеде жерлесіміз жоғары да аталған үміткерлердің бірімен қолғап түйістіру мүмкін.