Генерал Жоламанов өзінің қамауға алынуын "саяси тапсырыс" деп атады - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+25 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Генерал Жоламанов өзінің қамауға алынуын "саяси тапсырыс" деп атады

Генерал Жоламанов өзінің қамауға алынуын "саяси тапсырыс" деп атады

Шекара қызметінің бұрынғы директорының қанша көлемде пара алғаны белгілі болды. Бүгін Астанада басталған атышулы процесте прокурор, Нұрлан Жоламановтың былығын әшкерелеп, мемлекеттік тендерді кәсіпкерлерге ұтып беру үшін  252 миллионнан астам пара алғанын айтты. Яғни,  онсызда басынан дау арылмаған Шекара қызметінде жемқорлық жүйелі жолға қойылған. 3 ай бұрын тура Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ауласында қолына кісен салынған генерал-лейтенант  кінәсін мойындаған жоқ.  Тіпті  қылмыстық істі «саяси тапсырыс» деп отыр.

  • 27 Қаңтар 2015
  • 401
Фото - Caravan.kz

Бұған дейін күдіктінің жұбайы диабетпен ауыратын күйеуінің хәл үстінде жатқанын айтып талай шулаған. Бірақ, бүгін изолятордан сотқа жеткізілген генерал сергек көрінді. Лауазымды шендіні 3 адвокат қорғауда, оның бірі өзінің келіншегі. Прокурор таққан ресми айыпқа сүйенсек, Нұрлан Жоламанов Шекара қызметіне өз адамдарын қойып, топтасып ақша жеген. Яғни, шекара шебін нығайтуға бөлінген бюджеттің миллиардтарын тендерге салып, жеңімпаз компаниялардан 10 пайыз ауызбастырық алып отырыпты. Сөйтіп айналдырған 2 жыл ішінде 252 миллион теңгені қалтасына басқан.

Нұрлан Жоламанов, Шекара қызметінің бұрынғы директоры:

-Менің құйрығыма  түсіп жүргендерін  былтырдан білдім. Мен осы қызметке тағайындалғанда, аймақтарды тегіс аралап біраз кемшілікті анықтаған болатынмын. Сол үшін күйіп кетіп отырмын. Мұның артында кімдердің тұрғанын айтып Президентке хат жаздым. Араша сұрадым.

Жұмыстан айрылып қалам деп қорқып, Жоламановтың заңсыз бұйырығын орындауға мәжбүр болдым дегендердің бірі – мына Шекара қызметінің бас Қаржы басқармасының басшысы. Ол тендерді ұтқаны үшін  кәсіпкерлер берген ауызбастырықты дәлірек тайқанда  миллиондар толы сөмкелерді  генералдың тура жұмыс кабинетіне жеткізіп отырған. Ұйымдасқан қылмыстық топтың былығы әшкере боп, Алматыдағы N2458-әскери бөлімінің командирі Қайрат Балмағамбетов ұсталғанда, Нұрлан Жоламановтан маза кетіпті. Бір қызығы, оның негізгі сыбайластарының бірі  полковник Балмағамбетов бүгін жаза басқанын  мойындады.

-Тергеу материалдарымен таныстым. Қылмысымды толық мойныма аламын.

Ал генерал соңына шам алып түкенін сезген бетте, бар айыпты Қаржы басқармасының басшысына ысырмақ болған екен. Ол болса, жеген 24 миллион теңгені  қайтарып, бастығының үстінен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арыз жазып берген. Әйтсе де, басты айыпталушы ақша түгілі оның түрін де көрмедім деп ақталып бақты.

Нұрлан Жоламанов, Шекара қызметінің бұрынғы директоры:

-Ақша алғаным жоқ. Бұл «саяси тапсырыс». Жекелеген  топтар , яғни кландардың ісі. Мемлекет мүддесін ойламайды. Олардың ойлағаны басқа.

 Жоламанов өзіне тапсырыс беріп тіпті өлтірмек болған сол кландық топтардың аты-жөнін атаған жоқ. Бірақ, алдағы сот барысында бар шындықты жариялауға уәде етті. 37 томды құраған іс бойынша, 86 куәгерден жауап алынбақ.

-Қылмыстық іс Шекара қызметінің директоры мен осы ведомстваға қарасты Алматыдағы әскери бөлімнің командиріне қатысты қозғалып отыр. Ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа мүшелері күдіктіден куәгерге айналған. Ал  генерал Нұрлан Жоламанов пен полковник Қайрат  Балмағамбетовтың 300 миллион теңгеге  бағаланған дүние-мүлкі де тұтқындалыпты. Тергеушілер бір айлыққа қараған шенділердің  бұндай байлыққа  бюджетті жеп қол жеткізгеніне сенімді. Ал күдіктелердің кінәсі дәлелденсе,  әрқайсысы кемі 15 жылға түрмеге жабылуы мүмкін.