Жарияланды: 600

Геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы саясат айтарлықтай өзгерістерді қажет етеді

Вице-премьер-ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің төрағалық етуімен ҚР ИЖТМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің кеңейтілген кеңесі өтті.

Онда комитеттің атқарған жұмыстары қорытындыланып, сала алдындағы жаңа міндеттер айқындалды. Бұл туралы ведомствоның ақпарат басқармасынан хабарлады. Жаңа индустриалдық бағдарлама аясында Мемлекет басшысы Үкімет алдына жаңа міндеттер қойғаны белгілі, соның ішінде жер қойнауын пайдалану саласы бар. Комитет жұмысын қорытындылай келе Ә.Исекешев, саладағы ағымдағы түйіткілдерге тоқталды, соның ішінде тиімді жұмыс істейтін нормативтік-құқықтық базаны құру мәселесі уақыт күттірмей шешімін табуды қажет етеді. Сондай-ақ ерекше назар - Қазақстанның минералды-шикізат базасының қайта толтырылуына, геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыруға, табиғи байлықтарды орынды пайдалануға, салаға қажетті мамандарды даярлау мәселелеріне аударылуы қажет. Кеңес барысында Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламалары, қазақстандық мазмұнды арттыру және олардың жүзеге асырылуындағы Геология комитетінің рөлі туралы айтылды. Бұл үшін ИЖТМ-ның, ҚР Мұнай және газ министрлігінің, аймақ әкімдіктерінің, «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ мен оған кіретін ұлттық компаниялардың, Әлеуметтік-өнеркәсіптік корпорациясы мен жер қойнауын пайдаланушылардың үйлесімді жұмысы қажет. Ә.Исекешев, Елбасы Н.Назарбаев жер қойнауын пайдалануда делдалдарға жол бермеу туралы нақты тапсырма бергендігін қадап айтты. Еске салсақ, Президент ағымдағы жылы Шетелдік инвесторлардың кеңесінде кәсіпкерлер алып-сатумен емес, кен орындарын дамытумен және қаржыландырумен айналысуы тиістігін айтқан болатын. Ә.Исекешев комитетке алып-сату фактілеріне және басқа да жемқорлық көріністеріне жол бермейтін жұмыс механизмін әзірлеуді тапсырды. Вице-премьер-ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі салаға қатысты мемлекеттік саясат қайта қарауды қажет ететінін тілге тиек етіп, кеңес барысында көтерілген мәселелер бойынша бір айдың көлемінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін