Германия тұрғындары қолына Құран ұстады
Оснабрюк университеті жанынан Ислам теологиясы институты ашылды. Жаңа білім ордасы алдағы уақытта Мюнстердегі орталықпен тікелей байланыс орнатпақшы. |
Осылайша Германия тұрғындары ислам дінін жан-жақты оқуға, таным-түсінігін қалыптастыруға мүмкіндік алды, деп жазады «Айқын» басылымы.
Оснабрюкте биылғы қысқы семестрде алғашқы 47 студент білім алып, мектептерде ислам негіздерін оқытуға атсалыспақшы. Олар лекциялар мен семинарларда ислам тарихына қызығушылық танытып, араб тілін оқып, Құранды терең меңгеруге ден қоюда.
Федеральды үкімет ислам орталығына 20 миллион еуро бөліп, қасиетті дінімізді дамытуға назар аударып жатыр. Қазірдің өзінде Оснабрюк-Мюнстерден басқа үш жерде - Тюбинген, Франкфурт-Гиссен және Эрланген-Нюрнбергте ислам діні бойынша дәрістер оқытылуда.
Германияда мектептерде Құранды оқыту қолға алынысымен, осы салада оқытушыларға сұраныс көбейген. Мұны бірінші болып Солтүстік Рейн-Вестфаль федеральды өкіметі қолға алыпты. Бұл бастама басқа да федеральды өңірлерде қызу қолға алынып жатыр.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін