Бұл – бүгін Әуезов театрына жиналған жұрт. Қатарында министр мен әкімдерден бастап, қарапайым оқырманға дейін бар. Барлығы да қазақтың Гер-ағасы – Герольд Бельгермен қоштасуға жиналған.
Мұрат Әуезов, қоғам қайраткері:
-Бұл кісінің есімі аңызға айналады. Қазақ үшін демеу болатын азамат еді. Сол азаматпен бүгін қоштасып жатырмыз!
Ауыр қазаға байланысты Герағаның жақындарына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев хат жолдаған. Оны қалың бұқараға Мәдениет министрі оқып берді.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
—Герольд Бельгердің қайтқаны туралы хабарды естіп қайтты қайғырдым. Бұл бүкіл қазақ мәдениеті үшін орны толмас қаза. Сіздердің қайғылаңызға ортақтасып, көңіл айтамын.
Көңіл айтқан тағы біраз хаттар Германиядан, Гер-ағаның туған жері Ресей жақтан да жеткен. Әрине, мұның себебі де түсінікті. Өйткені Герольд Бельгерді тек қазақ қана жерлес санамайтын.
Герольд Бельгер:
-Менің жағдайым жаман емес. Анау да жерлес, мынау да жерлес. Аналар да жақсы қарайды, мыналар да жақсы қарайды деген сияқты, көп қазақтың арасында бір неміс болып мен де жүрмін.
Бәрінен де Гераға қазақ тілінің жанашыры болды. Тек жүрегі немістікі демесең, рухы қазақ еді.
Асылы Осман, қоғам қайраткері:
-Шын қазақ деген дархан халықтың даралығына да соның рұхымен рұхтанған Гер-ағаң, егер дүниеге неміс болып келіп, немістің қаныменен жүрсе , рухы қазақ рухыменен қазақ болып дүниеден озды. Жатқан жері жайлы болсын! Иманы жанына серік болсын!
Сондықтан болар, Герольд Бельгер өзін Алаш зиялылары жатқан зиратқа жерлеуді аманат етіпті. Сол тілегі орындалып, бүгін оның денесі Кеңсайға жерленді.