Енді еліміздегі құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың қызметкерлері түгел сыннан өтеді. Бұл жолы аттестациялаудың талаптары едуәір күшейген. Себебі биылғы бағдарламада Елбасының 100 қадам Ұлт Жоспарындағы тапсырма ескеріліп отыр. Қазір еліміздегі құқық қорғау органдарында қызу қарбалас. Өйткені ең алғашқы аттестациядан кейін тура 3 жыл өтті. Бұл кезекті сынақтың тақап қалғанын білдіреді. Ал егер Ұлт Жоспарындағы «полицияның іскерлік қабілеті негізінде арнайы іріктеу жүйесі енгізілсін» дегенді ескерсек, онда тексеріс тіптен оңай болмайтыны анық. Бүгін дәл осы ерекше жүйедегі аттестация көліктегі ішкі істер департаментінде басталды. Комиссия талабы өте қатаң. Сүрінгендердің шені төмендетіледі немесе қызметтен кетеді.
Марат Қабиев, ҚР ІІМ Көліктегі ІІД басқарма басшысы:
— Арнайы шараларымыз бар. Өтпей қалған жағдайда лауазымынан төмендетіледі. 6 айдан кейін қайта тапсырады. Егер оны да тапсыра алмаса, заңға сәйкес ішкі істер органдары қызметінен босатылады. Биылғы аттестацияның жаңалығы деп полиграфиялық тексерісті айтуға болады. Яғниарнайы аппарат арқылы қызметкердің ішкі жандүниесі зерттеледі. Бұдан бөлек бағдарламада әдеттегідей тапаншамен межені көздеу, физикалық жаттығу және өзгеде әртүрлі тесттер бар. Бұл сынақтар, әсіресе, биыл аттестацияға алғаш қатысып отырған жас полицейлерге ауыр болды.
Тимур Әлмұханов, ҚР ІІМ Көліктегі ІІД Қандағаш желілік полиция бөлімінің қызметкері:
— 2013 жылы жұмысқа орналастым. Ол кезде біз аттестацияға кірмедік, енді биыл әріптестерімнен сұрап, күшейтілгенін білдім. Бүгін көліктегі ІІД мамандарының бір бөлігі барлық сынақтан өтті. Жоспар бойынша сынақ жыл соңына дейін жалғасады. Ал құқық қорғау органдарының құрамы қаншалықты жаңарады және қызметтері қаншалықты жақсарады деген мәселе алдағы уақыттың еншісінде, — деп хабарлайды http://24.kz/.