Жарияланды: 600

ИКҰ Тунис пен Египеттегі демократиялық өзгерістерді қолдайды және Солтүстік Африкадағы жағдайлардың оң шешімін табуына үндейді

Ислам конференциясы ұйымы Тунис пен Египеттегі демократиялық өзгерістерді қолдайды және Солтүстік Африканың басқа да елдеріндегі жағдайлардың оң шешімін табуына үндейді.

Бүгін Астанада ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың төрағалық етуімен өтіп жатқан Ислам конференциясы ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы барысында ИКҰ-ның Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноғлы осылай мәлімдеді. «Бүгінгі күні ислам әлемі айтарлықтай салмақты оқиғаларға тап болып отыр. Бұндай оқиғалар мұсылман мемлекеттерінің тұрақтылығына, гүлденуі мен дамуына әсер етуде. Өкінішке қарай, ислам елдерінің біршама бөлігі ішкі ынтымақты, тұрақтылықты қажет етеді. Ислам әлемі сонымен қатар, өзінің тарихында азаматтардың бостандығы мен құқын қорғау, ұлттық диалогты қамтамасыз ету секілді маңызды үдерістердің қажеттігін талап ететін мәселелерді бастан өткеруде»,- деді Э. Ихсаноғлы. Сонымен қатар Бас хатшы Солтүстік Африкадағы араб елдерінде орын алған оқиғаларға тоқтала келе, ішкі халықтық толқулар нәтижесінде орын алған Тунис пен Египеттегі демократиялық өзгерістерді қолдайтындығын жеткізді. «Мен жақындағы сапарым барысында осы елдердегі өзгерістердің құқықтық тәртіпті, демократияны және дамуды нығайта түсетінін айттым. Сонымен қатар біз Ливиядағы дағдарыстың саяси шешімі болуына шақырамыз. Оның ішінде біз Ливия халқының құқықтық пен бостандықты орнату бағытындағы заңды талабын мойындаймыз. Бұл ретте мен осы елге жоғары деңгейлі делегацияны аттандырып, жұртшылыққа қарсы күш қолдануды доғаруға, гуманитарлық мүмкіндіктер үшін жол ашуға шақырдым», - деді Бас хатшы. Сонымен қатар Э. Ихсаноғлы Сириядағы бірқатар қалаларда болып жатқан жағдайларға да алаңдаушылық білдіріп, осы елде ұлттық диалогтың орнауына, шешімдерді шапшаң қабылдауға шақырды. «Иемендегі жақында өткен оқиғалар да елдің ішкі мәселесінде ұлттық диалогты қамтамасыз етуі қажеттігін көрсетті. Біз Бахреиндегі көпжақты диалогты да қолдаймыз», - деді Бас хатшы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін