Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы жыл кітабы атанды - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+16 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы жыл кітабы атанды

Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы жыл кітабы атанды

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Бір ел - бір кітап» акциясы бойынша ұйымдастыру комиссиясының отырысында жыл кітабы болып Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы таңдалды.

  • 19 Ақпан 2015
  • 2897
Фото - Caravan.kz

Аталған шараға қатысқан ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім, жазушы, ҚР парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің басқарма басшысы Базарбай Алтаев, ақын, ҚР Жазушылар Одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Несіпбек Айтұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Талғат Батырхан  және басқа да қоғам қайраткерлері мен еліміздің әр облысынан келген кітапхана директорлары  бірауыздан «Көшпенділерді» таңдап, дауыс берді.

Айта кетейік, акция аясында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасындағы, ҚР Ұлттық кітапханасындағы, облыстық, аудандық және ауылдық кітапханалардағы, Астана қаласындағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіндегі, сондай-ақ, елордадағы білім беру мекемелеріндегі дауыс беру қорытындысы бойынша 2015 жылғы таңдауға мынадай кітаптар ұсынылған болатын:

І. Есенберлиннің «Көшпенділер» романы; Б. Момышұлының «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас» шығармалары; Қадыр Мырза-Әлидің шығармалары; Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі», «Бір атаның балалары», «Аласапыран» тарихи романы; Жұмекен Нәжімеденовтің «Ақ шағыл», «Даңқ пен дақпырт», «Кішкентай» шығармалары; Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романы; Тұманбай Молдағалиевтің «Жүректегі жазулар» өлеңдер жинағы; Абайдың өлеңдері; Қасым Қайсеновтің «Жау тылындағы бала», әңгімесі; Төлен Әбдіктің «Тұғыр мен ғұмыр» хикаяты, «Парасат майданы» повесі.

«Бұл тізімге Абайдың өлеңдері белгілі себептермен кейінірек қосылды. Дегенмен, Абайды білмейтін қазақ жоқ. Сондықтан көпшіліктің таңдауы І. Есенберлиннің «Көшпенділеріне» ауып отыр», — деп түсіндірді комиссия төрағасы Ғ. Есім.


Енді бір жыл бойы аталған роман еліміздің барлық кітапханалары мен мектептерінде дәріптеліп, оқырман қауымға кеңінен насихатталатын болады.

Биыл «Бір ел — бір кітап» акциясы аясында жыл кітабы болып таңдалған І. Есенберлиннің «Көшпенділер» романын қоғам қайраткерлері радио мен теледидарда оқулары мүмкін. Мұндай ұсынысты бүгін акцияның ұйымдастыру комиссиясының отырысында ҰҒА академигі Ғарифолла Есім білдірді.

«Қазақ халқы кітапты ауызша тыңдағанды жақсы көреді. Сондықтан біз ел ағалары ретінде осы «Көшпенділерді», оның ішінде «Алмас қылышты» отырып алып, радиодан оқиық. Тіпті керек болса, теледидардан да оқиық. Бұл халыққа кітапты одан әрі жалғастырып оқуға түрткі болады», — деді Ғ. Есім отырыста.

Оның ұсынысын жиналысқа қатысқан барлық қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар да қолдады.

Айта кетейік, І. Есенберлиннің «Көшпенділер» романы «Бір ел — бір кітап» акциясы аясында жыл кітабы болып танылды. Комиссия мүшелері ендігі кезекте кітапты қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қайтадан басып шығарып, көпшілікке жететіндей жағдай тудыру қажет дейді.