Жарияланды: 540

Исламофобия деген дерттен құтылу керек

Исламофобия деген дерттен құтылу керек. Әлемнің мұсылман мемлекеттері  осындай мақсат қойып отыр. Бүгін Астанада ашылған халықаралық сессия барысында әркім көкейдегі мәселесін жеткізе алды. Ал еліміз Ислам конференциясы ұйымына төраға болып сайланды. Жаңа жетекші ретінде қазақстандықтар ірі ұйымның атауын өзгертіп, болашақ істерді белгілеп те үлгерді.

Мұсылмандар Тәуелсіздік сарайына қымбат шетелдік көлікпен жетті. Дегенмен көбідәстүрді құрметтеп, ұлттық киім киген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ислам әлемін жаңарту керектігін тағы да алға тартты. Бірақ сырттай емес, іштей. Ежелде математика, астрология, пәлсапа ілімдерін ойлап тапқан халық соңғы жылдары ешқандай жаңалық ашуға ұмтылмапты. Тың қадамдарды Ислам конференциясы ұйымы атауын өзгертуден бастады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан  Республикасының  Президенті:

- Бүгін қазақ жерінде ұйымды жаңаша - Ислам ынтымақтастық ұйымы деп атай бастау - жаңаруымыздың, бірлігіміздің, бәсекеге қабілеттіліктің символы болады. Қазақстанның ұйымға төрағалығы бейбітшілік, ынтымақтастық және даму ұраны аясында өтуі бекер емес. Осы үш өлшем бойынша біршама жетістіктерге қол жеткізген біздің еліміз Ислам ынтымақтастық ұйымының беделін арттыруға күш салады.

Алайда Қазақстан төрағалығы күрделі кезеңмен тұспа-тұс келді. Ұйым мүшелері жаңа жетекшіден батыл шешімдерді күтуде. Осы жолы әсіресе Палестина мен Израиль арасындағы жанжал туралы көп айтылды. 

Экмеледдин Ихсаноглу, Ислам ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы:

- Палестинадағы оқиғалар алаңдаушылық тудырады. Соңғы айларда Израиль жағы мұсылмандық құндылықтарды және Палестина тұрғындарының мүлігін басып алуды күшейтті. Халық тығырықтан шыға алмай отыр. Сондықтан БҰҰ-ына өтініш беріп, ұзақ дауды шешу қажет.

Қордаланып қалған мәселелер баршылық. Ауғандағы есірткі де соның қатарында.  Он жылдың ішінде заңсыз айналым  он есе өскен. Назарбаевтың бастамасымен бұл елге ұйым тарапынан жұмыс тобы жіберілмек. Сондай-ақ исламофобияны жою көзделіп отыр. Бұл мақсатта лаңкестікпен күресу, ақпарат құралдарын ашу, арнайы қор құрып, өзара гуманитарлық көмек көрсету жоспарда бар.

Ержан Қазыханов, ҚР Сыртқы істер министрі:

-  Көп мәселені қарастырамыз. Оның ішінде қауіпсіздік, Таяу Шығыс проблемалары, әлеуметтік-экономикалық мәселелелер.

Түс ауа сессия жабық есік жағдайында өтті. Алдағы уақытта да ұйым мүшелері оңаша жиналатын болады. Бірлескен жұмыс нәтижесінде кезекті Астана декларациясы қабылданбақ. Маңызды тарихи құжат мұсылман халықтарының даму бағыттарын айқындап, әлемде тұрақтылықты орнатуға өз үлесін қосуы тиіс.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін