Жарияланды: 700

Италия-Қазақстан экономикалық ықпалдастығы талқыланды

Италия-Қазақстан қарым-қатынасының экономикалық қырлары бүгін Астанада өткен өндірістік және экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық жұмыс тобының 6-отырысында талқыға түсті.

ҚР Экономикалық даму және сауда вице-министрі Тимур Сүлейменов пен Италияның Экономикалық даму вице-министрі Стефано Сальяның төрағалықтарымен өткен үкіметаралық топтың отырысында екі ел арасындағы экономикалық әріптестіктің одан әрі қарқынды дамуына арналған әлеуетті шаралар мәселесі қозғалды. Соның ішінде күн тәртібіне сәйкес, екіжақты қазақстан-италия ынтымақтастығының басымдық мәселелері: инновациялар, инвестициялар және технологиялар салалары, энергетика және химиялық өнеркәсіп, көлік және логистика, ұлттық банктер арасындағы ықпалдастық, шағын және орта бизнес салаларының кең спектрі талқыланды. Тимур Сүлейменовтың айтуынша, 2010 жылы мемлекеттер арасындағы сауда айналымы 11,2 млрд. АҚШ долларын құраған. Бұл 2009 жылғы көрсеткіштен 30 пайызға көп. «Италия арасындағы сауда көлемі Қазақстанның 2010 жылғы жалпы сыртқы сауда көлемінің 12,5 пайыз үлесін құрайды. Былтыр Қазақстанның Италияға экспорты 9,6 млрд. доллар болды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 43 пайызға көп. Импортқа келетін болсақ, аталмыш кезеңде импорттың 17,5 пайызға: 1,9 млрд. доллардан 1,6 млрд. долларға дейін төмендегенін көріп отырмыз. Меніңше, алда өтетін Қазақстан-Италия экономикалық форумы осы мәселе бойынша тиімді шешімдер шығарып, келесі жылы импортта да, экспортта да жағымды үдерісті байқайтын боламыз»,-деді Т. Сүлейменов. Отырыс барысында Қазақстан тарапы елдегі индустрияландыру бағдарламасының инвестициялық жобаларына және арнайы экономикалық аумақтағы ілкі жобаларға итальяндық бизнес қауымдастықтың қатысатындығына мүдделілік танытатындығын жеткізді. Тараптар, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың негізгі үлесін алатын энергетикалық сектордың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Елдер арасындағы сауда айналымның ең ірі үлесін «ENI» мұнай компаниясы алады. Үкіметаралық жұмыс тобы энергетика және химиялық өнеркәсіп саласындағы келешек серіктестіктің негізін енді тек шикізат өнімдерін барлау мен бұрғылау ғана емес, сонымен қатар инжиниринг және ықпалдасқан мұнай-химия зауыттарының құрылысы саласында да өрбіту жөнінде келісті. «Біз үшін екіжақты экономикалықарым-қатынасты дамыту барысында энергетикалық сектордан басқа өңдеуші салаға өтуге басымдық беріледі»,-деп атап көрсетті Италия вице-министрі. Мәжіліс соңында Қазақстан-Италия үкіметаралық жұмыс тобының 6-отырысының қорытынды хаттамасына қол қойылды. Түстен кейін, шара аясында Италия-Қазақстан экономикалық форумы өтеді. Онда екіжақты инвестициялық және бизнес жобалар, екі ел экономикасының негізгі даму бағыттары сөз болады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть