Кәсіподақ мүшелері аймақта еңбек дауы өршіп тұрғанын хабарлады. Құрамында ондаған кәсіпорны бар ірі химиялық концерндердің бірі 300-ден астам қызметкерін жұмыстан шығарған.
Қазір Израильде 300-ден астам отбасы осындай жағдайда отыр. Елдегі «Химикалиим ле-Исраэль» атты ірі концерн өз еңбеккерлеріне жұмыстан босату туралы ескерту жіберген. Бұған халық наразылық білдіріп қала көшелеріне жаппай ереуілге шықты. Ереуілдер бір апта бойы жалғасып келеді. Жұмысшыларды қолдап дәрігерлер, мұғалімдер, студенттер мен мемлекеттік қызметкерлер де шықты. Жиналған жұрт жаппай қысқарту қаржы дағдарысына қатысы бар екеніне сенбейді. Олардың пікірінше, жұмыс берушілер қаражатты үнемдеп, өз қалталарына салуды ойлап отыр. Нәпақасыз қалған тұрғындардың ашу-ызасында шек жоқ. Тіпті қысқарту туралы хат әкелгендерге қол көтергендер де бар. Ал концерн басшылығы бұл жайтқа қатысты толық ақпарат бермей, тілшілермен ресми хат арқылы ғана хабарласады.
— «Кәсіподақ мүшелері мен жұмысшылар комитеті кәсіпорынды өзіне бағындыру үшін қоқан-лоққы жасап отыр. Біздің ойымызша, олардың бұл әрекеттері — парламент сайлауы алдында әдейі ұйымдастырылған шара. Олар осылайша көбірек дауыс жинағысы келеді. Біз қысқартуға іліккен барлық азаматтарға тиісті төлем төленетініне уәде береміз», делінген «Химикалиим ле-Исраэль» концерні жазған ресми хатта.
Кәсіподақ та алған беттен қайтпауға бекінген. Үкіметке осы мәселеге араласып, жаппай қысқартуды болдырмау туралы өтініш білдірді.