Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.
«Бізге осы мәселе төңірегінде келіп түскен шағымдарды есептейтін болсақ, олар 4-5 кейске толып қалады. Сондай-ақ, орталық аппаратта азаматтардың кәсіпкерлер үстінен түсірген шағымдары бар. Дәл қазір Астана кәсіпкерлер палатасы 4 шағымды қарастырып жатыр, олардың біреуінің мәселесі шешіліп үлгерді», — дейді Астана қаласы бойынша «Атамекен» ҚР кәсіпкерлер ұлтты палатасының аймақтық филиалының заңгері Гүлмира Молдағалиева.
Астана қаласында орналасқан караоке-бардың иесі өзіне ресейлік авторлардың 8 әнін қосқаны үшін 5 млн 772 мың теңге көлемінде айыппұл салынғанын айтты. Дөңгелек үстелдің ұйымдастырылуына да осы мәселе себеп болған. Кәсіпкердің мәселесі бір емес, бірнеше мәселені қатар қарауды талап етіп отыр. Жиын барысында авторлық әндердің заңсыз орындалуын қадағалауға, айыппұл салуға мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым ғана құқылы екені белгілі болды.
«Әділет министрлігінде мұндай 9 ұйым тіркелген. Олар авторлық құқық туралы заңға сәйкес, шағым түсіруге құқылы. Бұл мәселе қиындық тудырады. Мысалы, Ресей нарығында мұндай 4 ұйым болса, бізде 9. Бұл, расымен де, тым көп», — дейді Молдағалиев.
Заңгер сондай-ақ әнді пайдалану үшін төленетін сома мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың қалауымен өсуі мүмкін екенін айтып өтті.
«Өтемақы мен әнді жеке мақсатта пайдалануға тағайындалған сома заңға сай белгіленген, бірақ олардың арасы тым алшақ – 100 АЕК-тен басталып, 150 АЕК-ке дейін (240,5 мың теңгеден – 360, 750 мың теңгеге дейін) барады. ҚР Үкіметінің Қаулысына сәйкес, ең төменгі сыйақы мөлшері 0,2 АЕК көлемінде белгіленген. Бұл соманың нақты мөлшері белгіленбегендіктен, МҚҰНБ ұйымы оны өз қалауынша көтере алады», — дейді маман.
Сондай-ақ, Гүлмира Молдағалиева МҚҰНБ-ның заң бойынша, өзінің қызметі үшін пайда көруге құқығы жоқ екенін айтып өтті.
«Олар нақты шығындарға кететін 30%-дан өзге қаражатты қазақстандық және шетелдік орындаушылар мен құқық иелеріне бөліп берулері тиіс», — дейді ол.
Мұнымен қатар, заңгер МҚҰНБ ұйымдарының ортақ шешімге келместен, бірден айыппұл салуға тырысатынына назар аударды. Дөңгелек үстелге танымал орындаушы Ерлан Көкеев те қатысты. Өзі караоке бөлменің иесі әрі ән авторы болғандықтан, екі тараптың да құқығын бірдей қорғады.
«Абырой», «Колли» және «Аманат» сынды компаниялармен келісімшарт жасасқанмын. Заңымызға сәйкес, біз бір уақытта әртүрлі авторлық қоғамдастықтың мүшесі бола аламыз. Өзім ән жазатын адам болғандықтан, экономикалық тұрғыдан қиналамын. Біржақты пікір де білдіре алмаймын. Шығармашылық адамы ретінде қайда барып, кімнен не сұрайтынымды білмеймін осы мәселеге келер болсақ. Мазалаған сауалдар көп. Мысалы, мен кәсіпкермін делік. Мейрамханамда бір күнде 100-ге жуық ән қосылады. Сонда мен авторларға ақшаны қалай төлеймін? Ал музыкант ретінде менің әнім қосылып тұрған мейрамханаларға барып, олардан өзіме тиесілі ақша алғым келеді. Бірақ олай жасап жүрген жоқпын», — дейді Ерлан Көкеев.