Жарияланды: 340

Кәсіби мамандар мінген үш «Камаз» Маловодное ауылына беттеді

Шаһардан шалғай орналасқан ауылдықтарға тегін медициналық жәрдем көрсету жалғасуда. Бұл жолы кәсіби мамандар мінген үш бірдей «Камаз» көлігі Алматы облысындағы Маловодное ауылына беттеді. “Асар-береке” қайырымдылық қорының жылжымалы медициналық орталықтары ем-домның барлық түрін жасай алады.

Дәрігерлердің дегеніне сенсек, біздің халық денсаулыққа аса мән бере бермейді. Әсіресе ауылдықтар шүкіршілік айтып, дерті дендеп, әбден асқынғанша жүре беретін көрінеді. Енді аяқ аттам жерге өзі  жеткен    медициналық көмек көлігі көпті тексеріп, тіпті ем жасап та жатыр.

Пәзрахман Әлібекұлы, Маловодное ауылының тұрғыны:

- Ақылы түрде қаралуға мүмкіндігі барлары да бар, жоқтары да бар ғой. Келіп,тексергені - халықтарға қолайлы, әсіресе жағдайы жоқтарға.  Алғыс айтамыз.

Алғашында бір ғана жылжымалы орталықпен жәрдем жасап бастаған Қор, кейін  көліктердің санын көбейткен. «Қазір саны да,сапасы да  артты» -дейді игілікті істің басы-қасында жүргендер. Бұрын тек тексеруден өткізіп, әрі кетсе алғашқы медициналық көмек қана көрсетуге қауқарлы еді. Енді түрлі операция жасап, бір мезетте жиырма науқасты тиісті жеріне жеткізуге жарайды екен.

Асқан Байдуәлиев, медицина ғылымдарының кандидаты:

-  “Асар-береке” Қайырымдылық қоры Дариға Наназарбаеваныңқолдауымен осы шараны 2009 жылы бастаған. Содан бері біраз ауылдарды аралап, көптеген адамдарға көмек көрсетті. Мұндай жылжымалы медициналық орталықтарды дамыту керек,  көбірек енгізу керек.

Қайырымдылық шарасы басталған 2009 жылдан бері ақ халаттылар ел бойынша 150-ден астам алыс ауылдарды аралаған.  Елу мыңнан астам тұрғынға медициналық көмек көрсетіп, тексеруден өткізіпті. Құрамында кәсіби деңгейдегі 12 білікті дәрігері бар жылжымалы медициналық орталық сапарын әрі қарай да жалғастыра бермек. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть