Үкімет мүшелері мен парламенттен интеллектуалдық меншік саласындағы қарым-қатынастарды реттейтін заң актілеріне өзгерістер енгізіп, Қазақстан аумағына тауарларды сауда белгісі иесінің келісімінсіз импорттауға рұқсат беруді өтінеміз", деді бастамашыл топтың өкілі Павел Ким сәрсенбіде Алматыда "Интерфакс-Қазақстан" агенттігінде өткен баспасөз мәслихатында.
П.Кимнің топшылауынша, еліміз дамуының қазіргі сатысында параллельді импортты заңдастыру арқылы адал бәсекелестікті дамытуға, тауарлар мен қызметтер бағасын төмендетуге, мыңдаған азаматты қосымша жұмыспен қамтуға мүмкіндік туғызуға болады. Бұл бюджетке тұрақты пайда түсуін қамтамасыз етіп, тәуелсіз Қазақстан азаматтарының Конституцияда көрсетілген таңдау құқығын пайдалануына мүмкіндік береді.
2010 жылға дейін Қазақстанда халықаралық интеллектуалдық меншік құқықтарын шектеу қағидалары қолданылып келді. Бұл кәсіпкерлердің әлемдегі кез-келген мемлекетте азаматтық айналымға енгізілген тауарларды сауда белгісі иесінің келісімінсіз-ақ ҚР аумағына заңды түрде әкелуіне мүмкіндік беретін. Бұл қағида «Интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғау және сақтау саласындағы бірыңғай реттеу қағидаттары туралы келісімнің» 13-бабына өзгертулер енгізілгеннен кейін бұзылды. Құжатқа 2010 жылдың 9-желтоқсанында Қазақстан, Ресей мен Белоруссияның Кеден одағы Біртұтас экономикалық кеңістігі (әрі қарай – КО БЭК) шеңберінде қол қойылған болатын. Осылайша, қазіргі кезде Қазақстан интеллектуалдық меншік құқықтарын шектеу қағидаттарын аймақтық принцип бойынша пайдаланады. Басқаша айтқанда, тауарларды Біртұтас Экономикалық кеңістікке кірмейтін үшінші елдерден параллельді импорттау (құқық иеленушінің рұқсатынсыз) заңсыз болып табылады. Тауар белгісімен таңбаланған тауарларды КО БЭК аумағында азаматтық айналымға енгізілгеннен кейін ғана әкелуге рұқсат етіледі, деді ол.
2013 жылы қараша айының соңында Алматыда Toyota сауда белгісіне тиесілі қосалқы бөлшектерді сатумен айналысатын отыздан астам дүкен жабылып қалды.
Бұған «БМФ Груп» (Toyota motor Corporation өкілі) ЖШС-нің хаты түрткі болды. Хатта құқық иеленушінің рұқсатынсыз Toyota тауар белгісін пайдалануға, сатуға және сақтауға тыйым салынған.
Бірақ, Ресей мен Белоруссияның кедендік органдары өз аумағына Toyota және Lexus тауар белгісімен шығарылған тауарларды әкелуге шектеу қоймаған. Тауарларды азаматтық айналымға енгізіп, КО БЭК шеңберінде бекітілген келісімдер негізінде Қазақстанға әкелуге мүмкіндік беріледі.
Қазақстандық кәсіпкерлердің басым бөлігі Ресей мен Белоруссия бизнесмендерімен жоғарыда көрсетілген тауарларды жеткізу туралы келісімшарт бекіткен. Бірақ, оның бағасы КО БЭК құрамына кірмейтін үшінші мемлекеттердің тауарларымен салыстырғанда 15-50 пайыз қымбат. Қазақстандықтарды мұндай әрекетке ТМК тарапынан қойылған шектеулер итермеледі. Бұрын кәсіпкерлер тауар жеткізіп беретін компанияны өз қалауынша таңдап алатын және тұтынушыларға бағасы арзан өнімдер ұсынып келді.
Кеден одағына мүше мемлекеттердің жергілікті заңдарын қолданудағы қайшылықтардың кесірінен біздің бизнесмендер валютаны көрші елдердің экономикасына инвестициялап отыр. Біз оларды сұраныспен қамтамасыз етеміз, нәтижесінде өз қолымызбен ресейліктер мен белорустықтарға жұмыс орындарын ашып береміз. Ал, өз елімізде күн сайын отандық кәсіпкерлердің бизнесі жабылып, қосалқы бөлшектер бағасы шарықтап жатыр, деді ол.