Естеріңізге салсақ, жуырда қазақ шекарашылары Каспийде заңсыз балық аулап жүрген 8 браконьерді ұстаған еді. Барлығы бекіріні баудай түсіріп жүрген Ресей азаматтары. «Тоқта» деген бұйрыққа бағынбаған қаскөйлер тіпті әскерилері қарсы бірінші болып оқ атыпты. Атыс кезінде бір браконьер оққа ұшқан. Енді Ресей дипломаттары еліміздің Сыртқы істер министрлігі арқылы осы оқиғаға қатысты жан-жақты ақпарат беруді және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр. Күні кеше ғана Мәскеудің қақ ортасында Қазақстан азаматшасы азапталып өлтіріліп, мәйітін көшеге лақтырып тастағанда ешкім ештеңе демеген еді. Сыртқы істер министрлігі осы оқиғаға қатысты Қазақстан да Ресейге нота жібергендерін енді жариялады.
Жанболат Үсенов, ҚР СІМ ресми өкілі:
— ҚР Ресейдегі елшілігі бұл елдің Сыртқы істер министрлігіне ресми нота жолдап, онда Қазақстан тарапының аталған мәселеге қатысты алаңдаушылығын жеткізген және осы іс бойынша жедел, жан-жақты тергеу амалдарын жүзеге асыруын сұраған.