"Қазақ қаржысының бәрі шетел футболшыларын байытып жатыр": Депутаттар жаңа министрге спорт саясатындағы өзекті мәселелерді тізіп шықты - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қазақ қаржысының бәрі шетел футболшыларын байытып жатыр": Депутаттар жаңа министрге спорт саясатындағы өзекті мәселелерді тізіп шықты

"Қазақ қаржысының бәрі шетел футболшыларын байытып жатыр": Депутаттар жаңа министрге спорт саясатындағы өзекті мәселелерді тізіп шықты

Футболға олимпиада мен әлем чемпионатынан алтын-күміс әкелетін бокс, күрес, ауыр атлетика үшеуін қосқандағыдан 3 есе көп қаржы бөлінеді. Ол үш есе көп қаржының 80 пайызы жеке футболшыларға төленетін ақша. Ал ол жеке футболшылар - легионерлер екенін жаңа айттым. Сонда жоғарыда айтқанымыздай, Қазақ қаржысының бәрі шетел футболшыларын байытып жатыр.

  • 4 Қыркүйек
  • 12
Фото: ашық дереккөз

ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде ҚР туризм және спорт министрі етіп Ербол Қуантайұлы Мырзабосыновты тағайындауға келісім беру жиыны өтті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Ербол Мырзабосынов спорт саласында тәжірибесі мол, бұған дейін жаттықтырушыдан Туризм және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасына дейін көтерілген өз ісінің кәнігі шебері. «Qazaq kuresi» қауымдастығының басқарушы директоры.

2021-2023 жылдары Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ректоры болды.

Жаңа министрге депутаттар сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.

Біз ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаның сөзін жариялап отырмыз.

«Біздің парламентте спорт туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыланып жатыр қазір. Осы заң жобасының таныстырылымында біз мемлекеттен қаржыландыратын 180 спорт түріне тоқталып едік. Бұл мәселені 2024 жылдың 18 сәуірінде ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың есебі тыңдалғанда тағы да көтергенбіз.

Заң жобасын таныстырған кезде де айттық, жалпы осы біздің ел мемлекеттен қаржы төленетін 180 түрін қайдан тауып алған?

Бізде 20 млн халық бар. Ал Ұлыбританияда 80 млн халық бар. Ұлыбританияда да, Франциядада, Германияда да 17 спорт түрі ғана бар. Сонда біздің ел басқа еш елде жоқ, олардан 10 есе артық 167 спорт түрін қайдан тауып алған және қалай ойлап тапқан?!. Кейбір спорт түрлерінің атын да естімегенбіз бұрын. Бұл барып тұрған мемлекетті сауын сиырға айналдыру!

Еуропада «спорт дамымай қалған ғой», сондықтан 17 түрі ғана бар деп ойласақ, көрші, туыс ел Өзбекстанды қарайық. Олардың халқы бізден екі еседей көп, 36 млн болса да, қаржыландыратын спорт түрі 19. Мәжілісте талқыланып жатқан спорт туралы заң жобасында біз осы мәселелердің бәрін түпкілікті түрде шешуіміз керек!

Сол кезде министрлік басшыларының жауабы бойынша 180 спорт түрінен тек олимпиадалық спорт түрлері мен ұлттық спорт түрлері ғана қалдырамыз деген. Өткенде мәлімет жүр, 60 түрін қалдырдық деп. Соның өзінде спорты дамыған Еуропа елдерінен 4 есеге жуық көп…

180 спорт түрін қысқартқаннан үнемделген қаржыны біз бұрын талай рет талап еткендей, бұқаралық спорт пен балалар мен жасөспірімдер спортына, ұлттық спорт түрлеріне бөлу керек.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында спорт саласын дамыту, бұқаралық спортты қолдауды тапсырды.

Осыдан үш жыл бұрын 2021 жылы Қазақстан Франциядан 8:0 есебімен масқара болып ұтылғанда, біз “Сонда футболға жұмсалған миллиардтар қайда кетіп жатыр?!-деген депутаттық сауал жасап едік?!.

Миллиардтар алып отырған қазақ футболында гол жоқ! Ал ауылдарда қаржытапшылығынан жол жоқ! Гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардттарды босқа шашуды тоқтататын уақыт жетті! — деген өткір сұрақтар көтерілген болатын?

Содан бері не өзгерді?!.

Осыдан үш жыл бұрын 8:0 болып ұтылса, биыл Грекиядан 5:0 болып ұтылды. Үш жылда, үш гол азайтып ұтылған “жетістікке” жетіппіз. Бұлай кете берсе, 8 гол салғызып ұтылмау үшін енді бес жыл ғана қалыпты…

Сол кезде, 2021 жылы біз футболға бөлініп жатқан миллиардтарды санағанбыз.

Бір ғана “Астана” клубына 15 млрд бөлінеді деп баспасөзде жазды. Ал нақты ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі кәсіби футбол клубтарына тек облыстық бюджеттен ғана 111,2 млрд бөлініпті! Не деген ақша бұл?!. Ал әлемдік спортты, футбол ақпараттарын жинайтын Transvertmarkt.com сайтының мәліметі бойынша тіпті, 133 млрд доллар бөлінген екен…

Қазақ қаржысының бәрі шетел футболшыларын, легионерлерді байытып жатыр. Премьер-лигадағы 371 футболшының 150-і легионер. Тіпті бірінші лигада да 16 легионер бар. Сонда Премьер-лиганың жартысына жуығы легионерлер!

Футболға олимпиада мен әлем чемпионатынан алтын-күміс әкелетін бокс, күрес, ауыр атлетика үшеуін қосқандағыдан 3 есе көп қаржы бөлінеді. Ол үш есе көп қаржының 80 пайызы жеке футболшыларға төленетін ақша. Ал ол жеке футболшылар — легионерлер екенін жаңа айттым. Сонда жоғарыда айтқанымыздай, Қазақ қаржысының бәрі шетел футболшыларын байытып жатыр.

Сол спорт министрінің есебін тыңдаған көктемде айтып едік: «Қазіргідей еліміздің жартысын топансу қаптап, халық үйінен, мал-мүлкінен айрылып, тиын таппай отырғанда, қызығын шетел футболистері мен сыбайласқан жемқорлар көретін футболға бөлінетін миллиардтарды тоқтату керек! Еліміздегі күрделі су тасқыны жағдайын ескере отырып, Мемлекет басшысы Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бюджет қаражатын үнемдеуді тапсырды.

Ешқандай елде кәсіби футбол клубтарына мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Бұдан өз күнін өзі көретін футбол қайта дамитын болады. Әлемдік тәжірибе солай!

Мысалы, Астанада кілең қазақ балаларынан құрылған “Арландар” клубын құрған Фазылбек Әбсаттарұлы мемлекеттен бір тиын алмай-ақ клубы Португалияда халықаралық жарыста жүлде алып жүрді. Фазылбектің өзі қазір Португалияда футбол клубын алып, жаттықтырып жүр.

“Арландар” биыл Астана қаласының чемпионы болды! Қайда, қазақ балалары футбол ойнай алмайды”-деген өтірік сөз?! Бұл сөздің жалғандығын Фазылбек бауырымыз жалғыз өзі-ақ дәлелдеп беріп, ондай тұжырымды жоққа шығарды!

Ендеше, бізге “Қазақ тілінің не керегі бар?”-деген шетелдік Черчесовтер керек пе? “Черчесов қазақ тілінде сөйлеуге міндетті емес!”-деген Қазақстанның футбол федерациясының президенті Әділет Барманкуловтардың сөзі не сөз?!. Бұл не масқара!? Бұндай ұлттық намыссыз мамандар керек пе бізге? Бұлар қай елде жүргенін біле ме өздері? Өзбекстанда солай айта алады ма?!.

Ең алдымен ұлттық кадрларға баса назар аудару керек. Ұлттық рух, намыс болмаса, ештеңе болмайды.

Кеше көрдік қой Олимпиадада, бұрын тек қос-қостап алтын әкелетін бокстан масқара болып жеңілдік қатарынан үшінші олимпиада! Соңғы рет қай жылы алтын алғанымызды да ұмытып қалған жағдайға жеттік…. Ұлттық намысы зор Өзбекстан 8 алтын медаль жеңіп алды! Үш спортшысы Олимпиаданың екі дүркін чемпионы атанды! Боксшылары шиыршық атып, аспанға шапшып, секіріп тұр. Біздегідей «бұйырғаны болды да» деп, солбырайып, мұртсыз сақалдарын сипап тұрған жоқ… Алла әрекет етсең ғана берекетін береді. Бізде жалғыз алтын медаль ғана! Өзбектердің бетіне қарай алмай қалдық! Олимпиадаға барар алдындағы спорт министрлігі жиынында мен айтып едім, “Осы жолы Олимпиададан алтын әкелмесеңдер, келмей-ақ қойыңдар, елге кіргізбейміз! Әуежайдан қайтарып жібереміз!”-дегенімді Ербол Қуантайұлы, сіз де естідіңіз сол жиында. Олимпиада чемпионы болған жалғыз қазақ Елдос Сметов қана ерледі, рахмет, сіздерді сол құтқарып қалды!..

Иә, ең бастысы ұлттық рух пен қайсарлық, темірдей төзім. Ұлттық рухы, қазақтық қаны қайнаған, жанарында от ойнаған, жүрегі атойлаған жалынды баһадүрлер болмай, Жеңіс жоқ!

Кеше Олимпиада өтіп жатқанда жазғанымыздай, негізі, жалпы спорт саласына шұғыл күрделі реформа керек!

Ал, Ербол Қуантайұлы, сізді жақсы білеміз, спорттың ішінде өстіңіз, “Дала қырандары” ұлттық спорт ұйымын құрушы төрағасы ретінде ұлттық спорт түрлеріне еңбек сіңіргеніңізден де хабарымыз бар. Біз сізге сенім артамыз.