Қазақстан мен Лаос президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді
Тәуелсіздік сарайында елімізге ресми сапармен келген Лаос Президенті Тхонглун Сисулитті салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
3 Қыркүйек
1
Фото: Ақорда.кз
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ақорда сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тхонглун Сисулит бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, қос мемлекеттің әнұрандары шырқалды.
Бұдан кейін президенттер келіссөз залына барды.
Фото: Ақорда.кзФото: Ақорда.кз
Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Лаос Президентінің Қазақстанға жасап отырған алғашқы сапарын тарихи оқиға деп атады.
– Келесі жылы екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толуын атап өтеміз. Бұл – үлкен меже. Елдеріміздің қарым-қатынасы достық сипатқа ие. Екі мемлекет халықаралық аренада, ең алдымен, БҰҰ аясында тығыз жұмыс істеп отыр. Лаос мемлекеті біздің Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінде көтерген бастамаларымызды қолдады. Ол үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бұл – Сіздің Қазақстанға жасаған алғашқы сапарыңыз. Осы сапардың нәтижесі бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға екі ел үкіметтері белсенді түрде кіріседі деп ойлаймын, – деді Президент.
Фото: Ақорда.кз
Мемлекет басшысы Лаосты Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі деп санайтынын жеткізді. Сондай-ақ Лаос елінің экономикасы соңғы жылдары тұрақты өсіп келе жатқанына, әсіресе, энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм салалары бойынша зор нәтижеге қол жеткізгеніне назар аударды.
Фото: Ақорда.кз
Тхонглун Сисулит достас қазақ еліне арнайы сапармен келуге шақырғаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
– Президент мырза, сапар кезінде еліңіздің жан-жақты дамығанына, Сіздің басшылығыңызбен ауқымды өзгерістер жүргізіліп жатқанына куә болдым. Қазақстанға Лаос Президенті ретінде ресми сапармен келіп, Сізбен жүздесу – мен үшін зор мәртебе. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынасымызға елеулі үлес қосатынына кәміл сенемін. Келіссөз барысында көптеген мәселені талқылап, өзара ынтымақтастықтың перспективті бағыттарын айқындаймыз әрі алдағы ортақ жұмысты ақылдасамыз деп ойлаймын, – деді Лаос Президенті.