Сотта Ұлдана Мырзуанның өлімінің себебі айтылды - kaz.caravan.kz
  • $ 455.4
  • 526.99
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
3 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сотта Ұлдана Мырзуанның өлімінің себебі айтылды

Сотта Ұлдана Мырзуанның өлімінің себебі айтылды

Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы қылмыстық іс материалдарын зерттеу кезеңіне өтті.

  • 3 Қыркүйек
  • 1
Фото - Ulysmedia.kz

Сотта сот-медициналық сараптаманың қорытындысы жарияланды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Миына ауыр зақым келген

Сараптама қорытындысына сәйкес, көпқабатты үйдің қасбетінен кірпіштер құлаған кезде Ұлдана Мырзуан басынан ауыр ашық жарақат алған. Оның бас сүйегінің сүйектері сынып, ми қабықтарының астына көп мөлшерде қан құйылған.

«Бас сүйек сүйектерінің сынуымен, ми қабықтарының астына қан құйылуымен және ми тінінің соғылуымен қатар жүретін ашық бас-ми жарақаты. Ол ми ісініп, тінінің ісінуі мен ми құрылымдарының ығысу синдромының дамуына және ми бағанының қысылуына әкелген», – деп сарапшының қорытындысын мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Аубов жариялады.

Сарапшының айтуынша, Ұлданананың көз ұялары мен бет сүйектері сынған. Бас сүйегінің маңдай, төбе және самай тұстарынан сызықтық сыну анықталған. Сонымен қатар көлемі үлкен үш түрлі гематома пайда болып, олар ми тінін қысқан.

Соның салдарынан адамның өмірлік маңызды қызметтерін басқаратын ми бағанының құрылымдары шүйде сүйегінің үлкен тесігіне қарай ығысқан.

Сарапшы қыздың алған жарақаттары мен өлімінің арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар деген қорытындыға келген.

Іс бойынша не белгілі?

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б үйінің маңында болған. Көпқабатты үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысы құлап, бес адам зардап шекті.

Зардап шеккендерге көмек көрсетіп жүрген 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның үстіне тоғызыншы қабаттан кондиционердің блогы құлаған. Қыз он күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, 18 қарашада есін жимастан қайтыс болды.

Қазір бұл іс бойынша ОСИ төрағасы Сәуле Жұбаниязова сот алдында жауап беріп жатыр. Айыптау нұсқасына сәйкес, ол қасбетті жөндеу қажеттігін білген, алайда қажетті жұмыстарды ұйымдастырмаған.

Сот-құрылыс-техникалық сараптамасы қасбеттің біртіндеп бұзылғанын анықтаған. Алдымен қаптамада жарықтар мен зақымдар пайда болған. Кейін ылғалдану мен үсудің салдарынан оның қабырғаға жабысу беріктігі төмендеген.