Бұл туралы Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазды Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстанда атом электр станциясын салу жобасының жалпы құны шамамен – 16,4 млрд доллар.
Агенттік мәліметінше, қаражаттың негізгі бөлігі энергоблоктар құрылысына бағытталады.
Негізгі қаражаттың басым бөлігі, яғни шамамен 14,4 млрд доллар энергоблоктар құрылысына жұмсалады. Тағы 2 млрд долларға жуық қаражат инфрақұрылымға, қауіпсіздік жүйелеріне және кепілдік кезеңіне арналған отынға бағытталады. Жобаның жалпы көлемі шамамен – 16,4 млрд доллар, – деп хабарлады Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің келіссөздері қорытындысы бойынша Қазақстан аумағында атом электр станциясын салу жобасы бойынша ынтымақтастық қағидаттары туралы келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ АЭС жобасын қаржыландыру үшін Қазақстанға Ресей мемлекеттік экспорттық кредитін беру туралы жеке келісім мақұлданды.
Қазақстандағы алғашқы АЭС ресейлік ВВЭР-1200 жобасы негізінде салынады.