Caravan.kz медиа порталы ресейлік басылымдарға шолу жасап көрді.
Үш қазақ Новомосковск қаласында заң бұзғаны үшін Ресейден шығарылатын болды — Первый Тульский
Новомосковск қаласында заң бұзғаны үшін үш қазақстандық Ресейден шығарылатын болды. Бұл туралы Тула облысы бойынша Ресей Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Тула облысының Новомосковск қаласы бойынша Ресей Ішкі істер министрлігі бөлімінің қызметкерлері көші-қон саласындағы заң бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізді. Полиция қызметкерлері шетел азаматтары жұмыс істейтін нысандарды, сондай-ақ олардың уақытша тұратын жерлері мен жаппай жиналатын орындарын тексерді.
Рейд барысында тәртіп сақшылары 160 шетел азаматын тексерді. Олардың әрқайсысы бойынша Ресей Федерациясы аумағында заңды түрде жүрген-жүрмегенін анықтау үшін ІІМ-нің ақпараттық деректер базасы арқылы тексеру жүргізілді.
Жедел іс-шаралар қорытындысы бойынша полиция қызметкерлері үш әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, жолын кесті.
Ресейдегі қазақ Еуропа чемпионатында күміс медаль жеңіп алды — Championat.com
Ресейлік грек-рим күресінің балуаны Әділет Төлеубаев 2026 жылғы Еуропа чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Жарыс Албанияның Тирана қаласында өтіп жатыр, ол 82 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Финалда ресейлік балуан Әзербайжан өкілі Гурбан Гурбановқа есе жіберді.
Бұл салмақ дәрежесінде қола жүлдені венгриялық Золтан Леваи мен грузиялық Гела Болквадзе иеленді.
Айта кетейік, Әділет Төлеубаев – этникалық қазақ. Ол 1995 жылы Омбы облысында дүниеге келген, Омбы күрес мектебінің түлегі. 2024 жылы 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанған.
Қазақстанды сынаған ресейлік әншінің видеосы дипфейк болып шықты — Lenta.ru
Желіде тараған «Любэ» тобының солисі Николай Расторгуев Қазақстан тұрғындарын сынаған видеосы дипфейк болып шықты. Мұны бірнеше айқын белгілер дәлелдейді.
TikTok-та putnik1 лақап атымен жарияланған видеода музыкант қазақтар сапалы орыс музыкасын тыңдағысы келмейді, концерттерді тоқтатады және русофобия таратады деп айтқандай көрінеді. Сондай-ақ ол жағдай өзгермесе, Ресей билігі «тәрбиелік шаралар қабылдайды» деген үміт білдірген.
Алайда бұл кадрлар – қолдан жасалған жалған бейне. Түпнұсқа видеода мүлде басқа тақырып қозғалған. Фейк авторлары түпнұсқаны әдейі айнадан түсірілгендей етіп өзгертіп, жалғанды анықтауды қиындатқан. Шын мәнінде, әнші 21 сәуірде «Известия» басылымына берген сұхбатында Жеңіс күніне арналған жаңа ән шығару жоспары туралы айтқан. Ол сарбаздардың Отанды қорғауда ерлік көрсеткенін және олардың ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Сонымен қатар жаңа ән арнайы әскери операция қаһармандарына да арналатынын жеткізген.