Бұл өзгерістер қазақстандық әйелдерге де әсер етуі мүмкін, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы
Axios басылымының жазуынша, бұл бастама Трамп әкімшілігінің АҚШ аумағында туған балаларға автоматты түрде азаматтық беру тәртібін өзгерту әрекетін қолдамағаннан кейін көтерілген. Енді Трамптың жақтастары азаматтық беру тәртібін өзгертудің орнына, елге кімдердің кіруіне рұқсат берілетінін қатаңдатуды ұсынып отыр.
Трамптың кеңесшісі Стивен Миллер АҚШ билігі елге қысқа мерзімге келетін адамдардың өзін мұқият тексеруі қажет екенін айтты. Оның пікірінше, шетел азаматтарының АҚШ-та дүниеге келген балалары автоматты түрде азаматтық алып, кейін мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды пайдалана алады.
Әзірге Дональд Трамп жүкті әйелдердің АҚШ-қа кіруіне тыйым салуды қолдайтынын мәлімдеген жоқ. Дегенмен Ақ үй президенттің туу құқығы арқылы азаматтық алу тәртібін өзгерту ниетінен бас тартпағанын хабарлады.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Эбигейл Джексон Жоғарғы соттың шешімінен кейін Трамп Конгреске бұл мәселені мүмкіндігінше тезірек қарауды тапсырғанын айтты. Сонымен қатар, әділет министрлігі «босану туризміне» қарсы күресті күшейту туралы тапсырма алған.
«Босану туризмі» деген не?
АҚШ-та бұл ұғым шетел азаматтарының баласын Америкада дүниеге әкелу үшін арнайы келуін білдіреді. Өйткені АҚШ аумағында туған сәби автоматты түрде Америка азаматтығын алады.
АҚШ Бас прокурорының көмекшісі Колин Макдональд виза алу кезінде сапардың нақты мақсатын жасырған «босану туризмін» ұйымдастырушылар алаяқтық, ақшаны жылыстату және басқа да қылмыстар бойынша жауапқа тартылуы мүмкін екенін айтты.
Бұл бастамаға құқық қорғаушылар қарсы шықты. Әйелдерді қолдау орталығы мұндай шаралар әйелдердің жеке өміріне мемлекеттің араласуына әкелуі мүмкін деп есептейді. Ұйым өкілі Кэти О Коннор биліктің әйелдердің жүкті екенін анықтау үшін ақпарат жинауының өзі алаңдаушылық туғызатынын айтты. Оның сөзінше, әзірге мұндай тексерудің қалай жүргізілетіні белгісіз.
Айта кетейік, Дональд Трамп алғашқы президенттік мерзімінде де «босану туризміне» қарсы шаралар енгізген болатын. Ал Ақ үйдің соңғы мәлімдемелері бұл мәселенің қазіргі әкімшілік үшін тағы да басым бағыттардың біріне айналғанын көрсетеді.