Қазақстандықтар зейнетақы жинағын өздері басқара алады: Жаңа мүмкіндік қалай жұмыс істейді?  - kaz.caravan.kz
  • $ 464.73
  • 546.57
+16 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандықтар зейнетақы жинағын өздері басқара алады: Жаңа мүмкіндік қалай жұмыс істейді? 

Қазақстандықтар зейнетақы жинағын өздері басқара алады: Жаңа мүмкіндік қалай жұмыс істейді? 

Қазақстандықтар енді зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке инвестициялық компанияларға сеніп тапсыра алады. БЖЗҚ жаңа басқарушыны қосып, салымшыларға таңдау мүмкіндігін кеңейтті.

  • 22 Сәуiр
  • 5
фото: Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ «Tansar Capital» АҚ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы келісім жасасты. Компания салымшылардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін басқаруға болатын инвестициялық портфельді басқарушылар қатарына қосылды. Аталған компания қандай критерийлер бойынша іріктелді? Тағы қандай компаниялар зейнетақы активтерін басқаруға қол жеткізе алады?

Инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға қойылатын талаптар

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында «Tansar Capital» АҚ зейнетақы активтерін инвестициялау нарығында жұмысын 2026 жылдың наурыз айында бастағанын хабарлады.

Зейнетақы активтерін басқару үшін компания арнайы инвестициялық портфельді басқарушылар тізіліміне енгізілуі және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің талаптарына сай болуы тиіс. Әдетте компанияның капиталының көлемі, соңғы екі жылдағы шығындарының болмауы, қаржы нарығындағы тәжірибесі және басқа да көрсеткіштер ескеріледі.

«Tansar Capital» АҚ мысалында негізгі талаптар мыналар:

  • Реттеуші талаптарына сәйкестік: компания Қазақстан заңнамасында белгіленген зейнетақы активтерін басқару талаптарына толық сәйкес келеді;
  • Тәжірибе мен іскерлік бедел: компанияның қаржы нарығында айтарлықтай тәжірибесі бар (1995 жылы құрылған, бұрынғы атауы – «CAIFC INVESTMENT GROUP» АҚ, 2022 жылдың қазан айында қайта тіркеуге байланысты «Tansar Capital» АҚ болып өзгертілген);
  • Лицензияның болуы: инвестициялық портфельді сенімгерлік басқаруға уәкілетті органның лицензиясы бар;
  • БЖЗҚ-мен келісімшарт: «БЖЗҚ» АҚ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы келісім жасалған.

«Tansar Capital» басқаруына қанша қаражат беріледі?

«БЖЗҚ» АҚ мәліметінше, «Tansar Capital» АҚ басқаруына берілетін зейнетақы қаражатының нақты көлемі алдын ала белгіленбейді. Бұл салымшылардың өз таңдауына байланысты.

2026 жылдан бастап салымшылар үш инвестициялық стратегияның бірін таңдай алады. Олар тәуекел деңгейі, күтілетін табыстылық және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленеді. Егер зейнетке шығуға әлі көп уақыт болса, ұзақ мерзімді стратегияны таңдауға болады. Ал зейнетке шығуға аз уақыт қалған жағдайда консервативті нұсқа қолайлы.

«Tansar Capital» АҚ Ki (36) стратегиясы бойынша жұмыс істейді. Бұл стратегия зейнетке шығуына 3 жылдан астам уақыт қалған салымшыларға арналған. Табыстылықтың ең төменгі деңгейі 36 ай қорытындысы бойынша бағаланады.

Аталған компанияға жинақтарын ер адамдар 60 жасқа дейін, әйелдер 58 жасқа дейін аудара алады.

Бұл табыстылыққа қалай әсер етеді?

«БЖЗҚ» АҚ мәліметінше, инвестициялық портфельдің ең төменгі табыстылығы 36 айдың қорытындысы бойынша есептеледі. Жалпы, инвестициялық қызмет нәтижесін орта және ұзақ мерзімді кезеңде бағалау ұсынылады.

Зейнетақы активтерін басқару моделі қалай дамып жатыр?

Зейнетақы активтерін басқару моделі салымшыларға басқарушы компанияларды өз бетінше таңдау және жинақтарының бір бөлігін соларға беру мүмкіндігін ұсыну арқылы дамып келеді.

«БЖЗҚ» АҚ мәліметінше, Әлеуметтік кодекске сәйкес:

* міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ және МКЗЖ) бойынша қаражаттың 50%-на дейінін,
* ерікті жарналар бойынша 100%-ын,
* сондай-ақ зейнетақы аннуитетін жасасқан жағдайда жинақтардың 100%-ын басқаруға беруге болады.

Қандай компаниялар басқаруға жіберілген?

«Tansar Capital» АҚ-дан бөлек, талаптарға сай келетін және лицензиясы бар 5 инвестициялық портфельді басқарушы бар:

«Alatau City Invest» АҚ;
«BCC Invest» АҚ;
«Halyk Global Markets» АҚ;
«Halyk Finance» АҚ;
«Сентрас Секьюритиз» АҚ.

2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, инвестициялық портфельді басқарушылардың басқаруындағы зейнетақы активтері 99,39 млрд теңгені құрады. Оның ішінде:

«Alatau City Invest» АҚ – 16,52 млрд теңге;
«Halyk Global Markets» АҚ – 7,88 млрд теңге;
«BCC Invest» АҚ – 12,61 млрд теңге;
«Сентрас Секьюритиз» АҚ – 6,4 млрд теңге;
«Halyk Finance» АҚ – 55,98 млрд теңге.