Жарияланды: 750

Kaznex Invest Қазақстанның 2020 жылға дейінгі әлеуетті шетелдік инвесторларының тізімін жасады

Экспорт және инвестициялар жөніндегі Kaznex Invest ұлттық агенттігі тікелей шетелдік инвестицияларды (ТШИ) жүзеге асыра алатын әлемнің 159 компаниясынан 2020 жылға дейінгі Қазақстанның әлеуетті шетелдік инвесторларының тізімін жасады,деп мәлім етті агенттіктің басқарма төрағасы Ерлан Арынов.

Kaznex Invest басшысының айтуынша, 2010 жыл агенттіктің инвестиция тарту бағытындағы жұмысының бірінші жылы болып табылады. Егжей-тегжей зерттеу жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша 20 басымдықты донор-мемлекет пен осы елдердегі әлеуетті инвестор-компаниялар анықталды. Бұл ақпарат тікелей шетелдік инвестицияларды тартуда басты бағдар ретінде пайдаланылатын болады. «Біз әлемде инвестиция үшін қандай салалардың аса тартымды екенін қарадық. Мұны өзіміздің үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы мемлекеттік басымдықтарымызға бағамдадық. Басымдықты салалардың әрқайсысынан көшбасшы елдерді анықтадық. Сол елдердегі көшбасшы компанияларды анықтадық. Ондай компаниялардың үздік ондығын, трансұлттық корпорацияларды қарадық. Тізімін жасадық. Трансұлттық корпорациялардың стратегияларын зерттедік. Инвестицияларының стратегиясы мен географиясын зерттедік», - деді ол сәрсенбі күні баспасөз мәслихатында. Е. Арыновтың айтуынша, Қазақстанның әлеуетті шетелдік инвесторларының тізімі екіге бөлінді, 2014 жылға дейін және 2015 жылдан 2020 жылға дейін. «Біз 2014 жылға дейін 78 компанияны «шабуылдаймыз». Ал 2014 жылдан 2020 жылға дейін тағы 81 компанияны. Бұл тізімнің ақырғы нұсқасы емес. Бұл ірі компаниялар ел үшін стратегиялық жобаларды жүзеге асыруды ілгерілетуі мүмкін», - деді Kaznex Invest басшысы. «Осы 160 шақты компания үшін біз олармен жұмыс жүргізу шараларының жоспарын жасадық. Бұл - бизнес-форумдар, роад-шоу сериясы, оның барысында компанияларға инвестиция құя алатын салалар туралы нүктелі ақпарат беріледі», - деді ол. Сонымен бірге, Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің қызметін белсендендіре түсіру, шетелдік телеарналарда республиканың инвестициялық тартымдылығы туралы бейнероликтер көрсету жоспарланған. Е. Арыновтың айтуынша, бұл мақсатқа алдағы үш жылда жыл сайын Т600-Т700 млн жұмсау көзделген. «Біз жыл сайын ТШИ түрінде $10 млрд қосымша тартуға болады деп ойлаймыз. Өткен жылы Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі $17,4 млрд құрады», - деп қорытындылады Kaznex Invest басшысы. Ал ҚР ИЖТМ инвестициялыр жөніндегі комитетінің төрағасы Асылхан Серіков 2011 жылдың 17 сәуірінде ҚР президенті инвестицияларды тартуды Қазақстанның орнықты экономикалық дамуының үш көздерінің бірі ретінде белгілеп, жаңа инвестициялық саясат әзірлеу міндетін қойғанын жеткізді. «Осыған байланысты біз басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, инвесторлар тарту жоспарын әзірлеуге кірістік, ол 2010-2014 жылдарға арналған инвестицияларды тарту, АЭА дамыту және экспортты ынталандыру жөніндегі бағдарламаға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді қарастырады», - деді ол. Оның айтуынша, қазіргі уақытта сенатта инвестициялар жөніндегі комитет әзірлеген «АЭА туралы» заң жобасы қаралып жатқанын жеткізді. Ол инвесторлар үшін бірқатар қосымша жеңілдіктер беруді қарастырады: шетелден жұмыс күшін тартудың жеңілдетілген тәртібі; «бір терезе» қағидасы; АЭА аумағына, АЭА қатысушылары тұтынатын, АЭА мақсаттарына жауап беретін тауарларды сатуды нольдік мөлшерлеме бойынша ҚҚС салу; АЭА қатысушылары үшін жерге 10 жылдан артық мерзімге жалға алу төлемін алып тастау; АЭА мақсаттарына сәйкес келетін қызмет түрлерінен кірістер бойынша ККС 100%-ға төмендету және басқалар. Kaznex Invest - қазақстандық шикізат емес экспортты ілгерілету, дамыту және экономиканың басымдықты салаларына тікелей инвестицияларды тарту үшін ұлттық экономиканы әмбебаптандыруға қолдау көрсету мақсатында құрылған ұлттық даму институты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін