Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астанадағы бағдарламасы офисінің жетекшісі Н.Заруднамен кездесті, деп жазады "Егемен Қазақстан" бүгінгі санындағы "Қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа есік әрқашан ашық" атты мақаласында.
Басылымның жазуынша, Мемлекеттік хатшы Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде екенін, оған еліміздің 2010 жылы аталған ұйымға төрағалық етуі дәлел болатынын атап өтті.
Алдымыздағы жылдарда Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен арадағы ынтымақтастық бағыттарының бірі «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» деп аталатын Астана декларациясында белгіленген Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік қоғамдастығын құру жөніндегі стратегиялық мақсатқа қол жеткізу болып табылады.
Кездесу барысында ЕҚЫҰ бағдарламасының офисі өзінің мандатына сәйкес Қазақстанда орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен және ведомстволармен өзара іс-қимылды қауіпсіздіктің үш өлшемінде (әскери-саяси, экономикалық-экологиялық, гуманитарлық) жүзеге асыратыны айтылды.
Сондай-ақ, аталған басылымда бүгін өтетін имамдар форумына байланысты "Имам — діннің айнасы" деген тақырыппен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ерлан қажы Малғажыұлының мақаласы беріліп отыр.
Бас мүфтидің жазуынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елімізде тұңғыш рет «Ислам — бейбітшілік пен келісім» атты І республикалық имамдар форумын өткізуді жоспарлап отыр. Діни саладағы тарихи іс-шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз — бірлік пен береке ұйытқысы — Исламның асыл құндылықтарын насихаттау, жастарымызды, жалпы жұртымызды имандылыққа, ізгілікке үндеу, бір шаңырақтың астында ұйымшылдыққа ұйысқан ұлттар мен ұлыстардың татулығын нығайтуға үлес қосу.
"Имамдар форумын ұйымдастырудағы тағы бір үлкен ниетіміздің бірі — дін қызметкерлерінің білігі мен білімін байыту, қазіргі қоғамға сай діни кадрлар сапасын арттыру. Өйткені, бүгінгі заман талабы имам-молдаларға зор жауапкершілік жүктейді. Имамдық — жауапкершілігі мол маңызды қызмет", — дейді Бас мүфти.
Тарихта "қазақ" сөзі бұрын болжанып келгеннен 500 жыл бұрын пайда болғаны белгілі болды деп жазады "Экспресс-К" газеті. Мұндай жаңалықты Сүлейменов атындағы шығыстану институтының қызметкері Ғалия Қамбарбекова Иранда "Тарихи монғол" атты көне қолжазбадан тауып алған. Басылымның атап өтуінше, сараптама жұмыстары "Тарихи монғол" жазбасы Алтын Орданың құрыла бастаған кезіне тұспа тұс келеді. Онда Х ғасырда, Шыңғысхан шапқыншылығынан бұрын қазақтың қыпшақ пен қаңлы тайпалары Баласағұн қаласына жиі жиі шабуыл жасап тұрғаны айтылады. Бұған дейін ғалымдар "қазақ" атауы Керей мен Жәнібек қазақ хандығын құрғаннан кейін ғана қалыптасты деп есептеп келді. Бұл мәселенің басын ашуға Иран, Үндістан мен Қытайдағы көне жазбалар көмектесетіні анық. Басылымның атап өтуінше, бұл жазба тағы бір маңыздылығымен ерекшеленеді. Яғни Алтын орданы кейін қазақ болып біріккен тайпалар емес, сол кездің өзінде қазақ деп аталған ұлт құраған болды ғой, дейді мақала авторы. Яғни бұл, Шыңғыс ханның ұлы Жошы мен немересі Бату қазақтардың ең алғашқы монархтары деген сөз.