Жарияланды: 650

Кең тынысты жануар аңшының оғынсыз-ақ түбімен құрып барады; төрт күнде 500 киік өлексесі табылды

Батыс Қазақстан облысында киік тағы қырылып жатыр. 26 мамырдан бастап бас-аяғы  төрт күнде 500 бас киіктің өлексесі табылды. Дала жануарлары дәл былтырғыдай,Жәнібек ауданында қырылып жатыр. Қазір оқиға орнында облыс басшылары мен мамандар жүр. Естеріңізге сала кетсек, былтыр Батыс Қазақстанда 12000 киік қырылып қалған еді. Ол кезде пастереллез дертіне шалдыққан деген қорытынды жасалды. Биылғы нәубеттің нақты себебі әзірге белгісіз.

Сайын даланың жүйрігі, кең тынысты керімі - киіктің өлексесі ең алғаш бейсенбіде белгілі болды. Үшінші жыл қатарынан үшбу хабар батыстағы елдің есін алды. Киіктердің омақаса құлап, отарымен опат болатын жері-Жәнібек. Жәнібектің атырабында жайрап жатқан 500 бас киіктің кеселі неден екені беймәлім. Облыс басшысы тақымдаған тікұшақ таңсәріде шыққаннан, шаңқай түсте келді,киік қырылған өлкеге.

Киікті көндіре алмаған мамандарды жата жазғыру әбестік. Ауа көшіп,шүйгін шөпті бір шалатын керім жануардың ықылымнан ен далада еншісі бар. Білетіндер биыл батыстағы киіктер Жәнібек ауданы Борса ауылынан  оншақырым шалғайда балалаған деседі.  Мұнда осыдан бір жеті бұрын келіпті. Облыс басшысы дала жануарларына бұл кесел «қорегімен келген» деп топшылады. 

Бақтықожа Ізмұхамбетов, БҚО әкімі:

- Себеп тек қана осы жерден деп ойлаймыз. Былтырда да пастереллез деген аурудың себебінен деген болатын. Былтыр да, алдыңғы жылы да осы жерде өліпті. Бір жағымсыз шөп...жер өлетін секілді.

Қайырбек Мұсабаев, ҚР АШМ Орман және аң шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары:

- Сарапшылар жердің, судың, шөптің  сынамаларын алды. Қазір зертханалық зерттеу жүріп жатыр, нәтижесі әлі шыққан жоқ. Негізі, СЭС-ң айтуы бойынша, былтырғыдай пастереллез  сияқты. Бірақ,  ол соңғы шешім емес.

Киіктің тілін түсінетін тісқаққан мамандар дала жануарының жүріс-тұрысына таңдай қағып отыр. Тегінде бірнеше мыңдап өретін олар биыл ұсақ топтарға топтасқан.

Нұрлан Тожыралиев, бас инспектор:

- Қарасақ,200-250-ден лағын ілестіріп,тарап-тарап кеткен. Бұл табиғаттың өзін қорғағаны болар. Бәрі бір жерде жүрсе қырылып қалуы мүмкін ғой.

Қызыл кітапқа хатталған киіктің өлексесі дәл былтырғыдай: іші кеуіп, ауыздарынан ақ көбік ағып жатыр. Барыс жылы қырылып жатқан 12000 киікті тапқан табиғат қорушыларына биыл қанша өлексе тап болары белгісіз. Белгілісі, кең тынысты жануар аңшының оғынсыз-ақ түбімен құрып барады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть