Жарияланды: 610

Халық қалаулылары Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының Хартиясын бекітті

Бүгін, 11-маусымда өткен мәжілістің пленарлық отырысында халық қалаулылары "Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының Хартиясын бекіту туралы" заң жобасын бекітті. Бұл туралы KZ-today тілшісі Астанадан хабарлады.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Әбусеитов : "Ұйымның тұғырнамалық құжаты болып табылатын Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының Хартиясына 2002-жылдың 7-маусымында Санкт-Петербургте қол қойылған. Хартия жобасы Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымын құру туралы 2001-жылдың 15-маусымында қабылданған декларацияға сәйкес жасалды ",- деп атап көрсетті. Хартия баптарында Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының мақсаты мен міндеттері, мүшелік, органдары, ШОС пен оның лауазым иелерінің иммунитеті мен ерекшеліктері дәйектелген. "Хартия аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, бейбітшілікті нығайтуға, өзара ынтымақтастықты жан-жақты тереңдете дамытуға бағытталады",- деді Қ.Әбусеитов. Хартияны бекіту туралы заңның қабылдануы Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының негізгі жарғылық органдарын құруға, ұйымға жаңа мүшелер қабылдау секілді мәселелерге қатысты қосымша құжаттар жобасын жасауға мүмкіндік береді. Қазақстан СІМ-нің мәліметіне жүгінсек, бүгінге дейін Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымының Хартиясын Ресей мен Қытай бекітіпті. Хартияны бекіту туралы заң жобасы сенаттың қарауына жіберілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін