Жарияланды: 1500

Халықаралық көші-қон ұйымы Қазақстанға жұмыс іздеп келетін адамдардың нақты санын айқындау мақсатындағы жобаны жүзеге асыра бастады

Халықаралық көші-қон ұйымы Орталық Азия елдерінен Қазақстанға жұмыс іздеп келетін адамдардың нақты санын айқындау мақсатындағы жобаны жүзеге асыра бастады. Бұл туралы бүгін, 18-қарашада Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы миссиясының төрағасы Майкл Чанц KZ-today тілшісіне хабарлады.

М.Чанцтың айтуынша, еліміздегі экономикалық өсуге байланысты Қазақстанға жұмыс іздеп келетіндер саны барған сайын арта түсуде. Алайда, еліміздегі осы бағыттағы заңдық база экономикалық процесстерден қалыс қалып келеді. Атап айтсақ, Қазақстанға келетін шетелдік мамандардың квотасы халықтың экономикалық белсенді бөлігінің небәрі 0,13 процентін ғана , немесе шашамен 10 мың адамды құрайды. М.Чанцтың айтуынша, бұл тізімге екінің бірі кіре алмайды, сондай-ақ, экономиканың жетекші салаларында жұмыс істейтін жоғары жалақылы шетелдік мамандар ғана толыққанды легализацияланған. Ал шын мәнінде Қазақстанға жұмыс іздеп келетіндер саны жыл сайын 100 мың адамнан асып жығылады. Бұлар негізінен Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келетін жасырын мигранттар мен маусымдық жұмысшылар. Бұл санға сауда-саттықпен айналысатындар қамтылмайды. Ресми және сарапшылық мәліметтер арасындағы мұндай үлкен айырмашылық мигранттардың басым бөлігі Қазақстанда жасырын жұмыс істеуді артық санайтындығын айғақтаумен бірге, бұл жағдай оларды қиянатшыл жұмыс берушілерге тәуелділікке душар етуде. Соның салдары ретінде мигранттардың құқығы ұдайы бұзылады. Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы миссиясы төрағасының пікірінше, Қазақстанға жұмыс іздеп келгендер бюджетке салық төлеуі үшін еңбек миграциясын ашыққа шығару тиімді. Шетелдік жұмыс күші рыногінің дамуы экономикалық өсіммен ілесе жүретін құбылыс. Шетелдік жұмысшыларды легализациялау және тиімді көші-қон саясатын жүргізу үшін миграция жөніндегі заңнамаларды жеңілдетіп, оны экономикалық мұқтаждыққа сәйкес мейлінше икемдеу қажет. М.Чанцтың пікірінше, Қазақстан үшін бір артықшылық сонда, "мұндай адамдар қазақстандықтармен салыстырғанда аз жалақыны місе тұтып, үкіметтен ешбір әлеуметтік көмек-жәрдем күтпейді". Соған байланысты Қазақстанға жұмыс іздеп келгендерді жергілікті жұмысшылармен бәсекелеседі деп айыптауға болмайды дейді М.Чанц.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін