Жарияланды: 610

Халықаралық жаңа саясат институтының ұйымдастыруымен Қазақстан, Украина, Ресей және Беларусь республикаларының сарапшылық орталықтарының халықаралық форумы Киевте өтті

Халықаралық жаңа саясат институтының ұйымдастыруымен Қазақстан, Украина, Ресей және Беларусь республикаларының сарапшылық орталықтарының халықаралық форумы Киевте өтті. Бас қосу "Бұрынғы кеңестік кеңістіктегі саяси жаңартулуар : тұрақтылық пен демократияны қамтамасыз етудегі Қазақстан үлгісі" тақырыбына арналды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Халықаралық жаңа саясат институтынан хабарлады.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалардың егжей-тегжейіне, атап айтсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы жолдауына арқау болған басты мақсат-міндеттерге ерекше қызығушылық танытты. Бұл жолдау ТМД сарапшылары мен талдаушыларының жоғары бағасына ие болғаны белгілі. Форумға қатысушылардың пікірінше, қазақстандық даму үлгісі қалыптасты деп кәміл сеніммен айтуға болады. Украина парламенті- Верховная Раданың парламенттік көпшілік тобының үйлестірушісі Степан Гавриштің айтуынша, "Украина күні бүгінге дейін өзіндік даму жолын қалыптастыра алмай отыр". "Нақты еуропалық таңдау туралы қазіргі пікірталастар әзірге Еуропаның өзінде де, әсіресе біздің елде де дәйекті бағдарламалық ұстанымға айнала алған жоқ",- деді ол. "Қазір біз Қазақстанда тиімді жүзеге асырылған реформаларды, соның ішінде энергетика саласындағы жаңартуларды байқастап, зерттеп отырмыз, алдағы уақытта олардың басым көпшілігін еліміздегі жағдайға бейімдей қолданатын боламыз",- деді С.Гавриш. РФ-ның халықаралық істер жөніндегі ұлттық кеңесінің жетекшісі Сергей Марковтың айтуынша, Украина мен Ресей сыртқы ұстанымы мен өзара қарым-қатынасын анықтай алмай әбігерге түсіп жатқан тұста саяси-экономикалық реформалар қарқыны бойынша Қазақстан жетекші елге айналып үлгерді. Ресейлік сарапшылар Астананың тәжірибесін зерттеу үшін талай барып қайтты. Экономикалық және мемлекеттік мекемелердегі құрылымдық өзгертулер айрықша назарға лайық. С.Марков өз елінің қазіргі таңда Қазақстан жүріп өткен жолдың мәре басында ғана тұрғанын мойындады. Соған қарамастан, қазақстандық тәуелсіз сарапшылар жаңа мақсат-міндеттерді айқындауға кірісті. Халықаралық жаңа саясат институтының бақылау кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаеваның пікірінше, "қуатты президенттік билік пен мемлекеттілікті қалыптастырудың бастапқы кезеңіндегі аса қатаң реформалар қазіргі мақтанышқа айналған үлкен табыстарға алғышарт болды". "Менің пайымдауымша, қазіргі қол жеткізілген табыстарды баянды болдыруға қолдан келгеннің бәрін жасау қажет",- деді ол. Форумға қатысушылардың пікірінше, ТМД елдеріндегі саяси-экономикалық реформалар барысында жаңа саяси құрылымдар, жаңаша саяси партиялар артықша тиімділікке ие болды. Осыған байланысты С.Марковтың пайымдауынша, "жаңа үлгідегі "Асар" сынды партиялар елді дұрыс дамыту үшін құрылып жатыр. Келешекте осындай партиялар билікке келіп, әр елде құзырын жүргізетін болады". Форумға қатысушылар сарапшылық орталықтардың өзара ынтымақтастығы туралы декларацияны қабылдады. Онда Қазақстан, Украина, Ресей және Беларусь республикаларының сарапшылық орталықтарының тәуелсіз талдамалық журнал шығаруға, бірлескен әлеуметтік тексерулер жүргізуге, өзара ақпарат алмасуға деген мақсат-мүддесі дәйектелген. Бас қосуға қатысушылардың пікірі бір жерден шығып, елдер тек тауар айналымын арттыруға күш салып қана қоймай, әр республика туралы өзара ақпарат алмасу аясын кеңейту жөнінде байлам жасалды. Бұл мемлекеттердің экономикасына да өзіндік ықпалын тигізетіні сөзсіз. "Мемлекеттердің санаткерлік әлеуетін өзара кіріктіруге, біртұтас ғылыми-санаткерлік кеңістік қалыптастыруға жасалған қазіргі талпыныстар қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарды қайта жаңғыртуға бағытталған алғашқы қадам болмақ",- деді Д.Назарбаева. "Ендігі кезекте өзара мәмілені жүзеге асыру ғана қалып отыр",- деді ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін