«Хрусталь бала» көмек сұрап отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 474.47
  • 541.37
+18 °C
Алматы
2026 Жыл
3 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Хрусталь бала» көмек сұрап отыр

«Хрусталь бала» көмек сұрап отыр

Семейде ядролық полигонның кесірінен мүгедек болған бала төрт қабырғаға телміріп күн кешуде. «Хрусталь бала» деген атпен танылған Уәлихан Серікқалиев көмекке мұқтаж. Оныншы қабатта тұратын 12 жасар жеткіншектің сүйектері морт сынғыш болғандықтан, оған төменге түсу қауіпті. Ал көмектесеміз деп уәде берген әкімдіктегілер оларды 4 жылдан бері сөзбен қатырып келеді.

  • 1 Мамыр 2014
  • 409
Фото - Caravan.kz

Уәлиханның жасы небәрі 12-де болса да, үш ұйықтаса да адамның түсіне кірмеген қиындықтарды көріп үлгерген. «Хрусталь бала» деген атпен танылған жеткіншектің бүгінге дейін шамамен 200 рет сүйегі сыныпты. Анасысоңғы рет Уәлиханды далаға көтеріп шықпақ болғанда баспалдақта аяғы тайып кетіп, содан баланың аяғы тағы сынған.

Уәлихан Серікқалиев:

-Далаға көп шықпаймын. Шыққым келеді. Балаларды көргім келеді. Ана жолы мама мені түсіріп бара жатқанда құлатып алды.

Көп қабатты үйдегі лифт екі күннің бірінде істемей тұрады. Онсыз тысқа шығу мүмкін емес.

Жанат Торғайбекова, Уәлиханның анасы:

-Жүрегім ауырады! Сөйлей алмаймын. Баланы шығару өте қиын. 12 жыл бойы бейнетін бәрін өзім көріп келемін! Жүрегім ауырады. Қиындықтың бәрін өзім көремін!

Ол аздай, төменгі қабатта қарастырылған пандус біраздан бері жоқ болып кеткен. Біреулер мүгедектерге ауадай қажет өткелдің үстінен кірпіш қалап тастапты.

-Біз көшіп келгенде пандус болды. Осы пандусты алды да қалап тастады.

Жергілікті әкім-қаралар «Хрусталь балаға» бірінші қабаттан пәтер міндетті түрде қарастырамыз деген екен. Алайда, уәде тек сөз жүзінде қалған. Төменде пәтерлер босағанымен, оны әкімдіктегілер тамыр-таныстарына таратып жіберіпті. Шенеуніктердің өзі заңнан аттап баспадық, тіпті пәтер бергенбіз деп ақталып әлек болды.


Светлана Валл, Семей қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

-Біз Торғайбековтар отбасына кезектен тыс 3 бөлмелі пәтер бөлдік. Өздері бас тартты. Алайда жазбаша жауап бермеді әлі. Ал төмендегі пандусты жақын күндері ашып береміз.

-Шенеуніктер ұсынған баспана шетте орналасқан. Хрустальді бала мен оның мүгедек әкесі үшін бұл жерден қала ішіне қатынау қиын. Сондықтан көшкісі жоқ. Дегенмен, шенділер қарқынды құрылыстың арқасында бұл жер алдағы уақытта орталықтан да кем болмайды деп сендіріпті. Алайда, ондай күннің қашан туатынын тағы ашып айтпаған.