Жарияланды: 19000

"Кірерге тесік таппай жүріңіз": Сәкен Майғазиев өзін "қарғаған" әйелге жауап берді

"Кірерге тесік таппай жүріңіз": Сәкен Майғазиев өзін "қарғаған" әйелге жауап берді

"Аузын ашса, ақша сұрайды". Сәкен Майғазиев әншілерге көңілі толмай жүрген оқырманының хатын жариялады. Автор сахна жұлдыздары фонограммамен ән айтқанына қыруар қаржы алатынын, әншілердің қоғамға еш қажеті жоқ екенін жазған. Әдетте мұндайды елемейтін Майғазиев бұл жолы өзін "қарғаған" әйелге жауап берді.

 

Әнші "таспен ұрғанды аспен ұрдың" керін келтіріп, жазба авторына мәдениетті түрде ақ тілегін жолдады.

"Сіздің де әулетіңіз әнге құмар болып, шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, сіз де дүниеге иманды, өнерлі, әнші бала әкеліңіз. Сол әнші ұлыңыз ҚАЗАҚ халқының құрметіне қарық болсын. Сол әнші балаңыз ҚАЗАҚ деген дарынды халықтың әсем де, әуезді әндерін әлемге паш етсін. Сол әнші балаңыз әлемді әнімен әлдилеп қана қоймай, отбасына, туған-туыстарына қамқор болсын. Сол әнші балаңыз сізге үй салып беріп, аяқ-қолыңызды жылы суға малып отыратын жағдайға жеткізіп, сізді қажылыққа апарсын.

Сол әнші балаңыз ағайындарының несиесін төлеп, қарыздардан, қиындықтардан құтқаратын қайырымды жан болсын. Сол әнші балаңыз мейірімді болып, мұқтаж жандарға қол ұшын соза алатындай дәулетті болсын. "Бәленше Түгеншетегінің анасы ғой" деп сізді алқалы жұрт алақанына салып жүрсін. Сөйтіп, бірнеше жылдан кейін (әншілердің) біздің бетімізге қарай алмай, балаңыз әнші бо-о-оп, "кірерге тесік таппай" жүріңіз. Әумин!" –  деп тілек білдірді "Музарттың" солисі. 

Майғазиев елдің алдында жүргендіктен, халықтың ашу-ызасына жиі тап болатынын атап өтті. Мұндайға өнер адамдарының еті үйренгенін де меңзеді. Десе де, әншілерден халықтың зиян көрмегенін жеткізді.

"Не істейміз енді, музыкалық мектептерді, музыкалық колледждерді, өнер академияларын, ұлттық консерваторияны жауып тастаймыз ба?

Қазақта "Түйенің танығаны тікенек" немесе "Жаман әйел ызасын ыдыс-аяқтан алады" деген сөз бар. Біз бейбақ қалың көрерменнің көз алдында жүргеннен кейін ашуын бізден алады. Басқа кімге айтады? Біз көтере береміз.

Бірақ, "Мына әншінің концертіне бармасаң айыппұл салады", "Ана әншіні тойыңа шақырмасаң жұмыстан кетесің", "Бір әншінің әнін естіп бір кісінің жүрегі тоқтап қалыпты" немесе "Бір әншінің әнін тыңдай алмай бір кісінің қысымы көтеріліп ауырып қалыпты" деген бір де бір оқиғаны естімеппін. Әулеттеріңізден АЗАН мен ҚҰРАН, әлдидің үні, ән-күй үзілмесін", - деп түйіндеді сөзін ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін