Қараңғы гаражда көрпеге тығылып, бүрісіп отырған бүлдіршіндердің халі өте аянышты. Бұл 3 баланың біреуі ғана мектеп жасында. Екеуі күні бойы осы аядай гараждағы төсектен түспейді. Биыл 40 градусқа дейін жеткен аязды күндері әрең амалдап шыққан отбасының жалғыз арманы көктемге аман жету.
-Өткен жаз жаңбырлы болып, бұл отбасы көп қиыншылық көрді. Сабаннан салынған ескі үйдің қабырғасы сөгіліп, шаңырағы ортасына түскен. Әйтеуір сол сәтте үйде ешкім болмаған. Әбден далада қалған олар ауладағы темір гаражға пеш салып, жанталаса қысқа әзірленіпті.
Отағасы 4 жыл бұрын дүние салған. Құжаттары уақытылы реттелмей, енді жәрдемақыға да жарымай отыр. Біз келгенде аналары жұмыс іздеп кетіпті. Ал 50 жастағы әжелері жалдайтын адам табылса ғана, азын-аулық ақша тауып қайтады екен.
Сапура Тайжанова:
-Не істерімді білмей тұрмын. Көмек балаларға керек. Туыстарым жоқ. Қыс қатты.
Балалардың ішер асы, киер киімі де жоқ. Кішкентай қыз Ділназдың етігі жыртылып, мүлдем далаға шыға алмай қалған. Гараждың қабырғасы темір болғандықтан суық, пеш жағылған соң суланып, көгеріп кеткен. Суық тиген балалар жиі жөтеледі дейді әжесі.
Сапура Тайжанова:
-Гараж, пәтер жалдап тұру қымбат. Әрі баламен ешкім де алмайды. Қызым "Нұр Отанға барған, сосын әкімдіктен комиссия келіп кетті. Көмек береміз деген еді.
"Көмек береміз" деп кеткен әкімдік адамдары, сол кеткеннен мол кетіпті. Балалардың анасы пәтер кезегіне де тұрмаған екен.
Ермек Қарағаев, Көкшетау қалалық тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары:
-Балалардың анасының жеке куәлігі жоқ. Құжаттарын жинап болған соң біз мекемеге келіп көмек көсетеміз.Пәтер кезегіне қойғызамыз. Менің ойымша, аз қамтылған отбасы категориясына жатады.
Кезекке тұрғанның өзінде бұларға жуық арада баспана бұйырмасы анық. Себебі, қазір 5 мың көкшетаулық кезек күтіп тұр. Мұндай жағдайда уақытша тұрақ та тауып бере алмаймыз дейді әкімдіктегілер. Енді шарасыз шаңырақ қайырымды жандарға ғана үміт артып отыр.